Сапасыз баспана шымкенттік тұрғындарды әбігерге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сапасыз баспана шымкенттік тұрғындарды әбігерге салды

18.01.2023

Шымкентте мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алған отбасылардың қуанышы арада жыл өтпей жатып сейілді. Себебі көпқабатты үйлердің сырты дұрыс қапталмаған. Соның кесірінен пәтерде жылу сақталмайды. Жертөле суға толған. Ал желдеткіш жүйесінің дұрыс орнатылмауынан, жағымсыз иіс, тұтас үйді жайлап алған.

Жаңа пәтерге жайғасқалы бері Айжанның су қайнатудан қолы босамайды. Ыдыс аяқ жуу үшін де, балаларды шомылдырып, кір шәйіп алу үшін де осылай шәугім-шелегін көтеріп жүргені. Өйткені жертөледегі сорғының 4 қабаттан ары қарайға ыстық су жеткізіп беруге шамасы келмейді.

Айжан Әбиханова, қала тұрғыны:
Сенбі, жексенбі мүлдем ыстық су болмайды. Соңғы кезде жәй күндері де ыдыс-аяқ жуып жатсақ өшіп қалады. Біресе келеді. Өзім жақында ғана босанғам. Ешқандай күтіне де алмадым.

Жылы суға жарымаған тұрғын үй кешенінің тұрғандары сасық иістен де құтыла алмай-ақ қойды. Желдеткіш жүйенің мұржасы шатырдан асып тұрмағандықтан іштегі лас ауаны сыртқа шығара алмайды. Керісінше даладағы суық ішке ұрады. Жаңа үйдің жертөлесі де жайрап жатыр. Қабаттасқан құбырлардың әр жерінен бір су ағады.

Ғани Қалмаханов, тілші:
Тұрғын үйдің жертөлесі мынадай айдынға айналған. Құбырлар бір-біріне дұрыс жалғанбағандықтан лықсып келген су түгелдей осында жайылады.

300-ден астам отбасы тұратын көпқабаты тұрғын үй кешенінің сырты жылтырғанымен іші қалтырап тұр. Жұқа қабырға қақаған суықта жұртқа қорған болмай қалды.

Нұрболат Күдербеков, қала тұрғыны:
Жобасын жасаған адамды әкелсін, көрсетсін. Жылы деп берді ғой осы үйлерді. Кешегі суықта бәрінің маскасы шешілді ғой. Отопление жылы, кеп тұр. Фасаддың әсерінен электр пеш қосып отырған үйлер бар.

Тұрғы үйді салуға тапсырыс берген құрылыс басқармасы бұл жәйттан хабардар. Күн жылынса үйді сыртын жылылап қайта қаптаудың әрекетіне кіріспек.

Ердәулет Әжібеков, қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
Фасад ауысу бойынша жобалаушы мамандарға тапсырма берілді. Сол бойынша зерделеу жүргізіп жатыр.

Кешеннің сыртқы қаптамасына байланысты мамандар оншақты күнде ұсыныс беруі керек. Ал тұрғын үйдегі өзге де кемшіліктерді кепілдік мерзімге сай мердігердің өз қаржысына қайта жөндетеміз дейді құрылыс басқармасындағылар.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу