Қазақстанда 5 мыңнан астам дәрігер жетіспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 5 мыңнан астам дәрігер жетіспейді

19.01.2023

Қазақстанда 5 мыңнан астам дәрігер жетіспейді. Жыл сайын жоғары медициналық оқу орындарын орта есеппен 7 мыңнан астам адам бітіріп шығады. Алайда уақыт озған сайын саладағы маман тапшылығы мәселесі шешімін табудың орнына ушығып барады.

Медицина саласында маманның жетіспеуі бірінші кезекте, қарапайым тұрғындарға қиын. Дәрігерге жазылу үшін апталап, кейде айлап кезек күтуге тура келеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында бір ғана балалар ревматологы, кардиолог пен гематоонколог жұмыс істейді.

Екатерина Отрадных, тұрғын:
Айдың басында эндокринологқа жазылған едік. Кардиолоқа көріну үшін тағы да жарты ай күтеміз. Бүгін бірінші рет облыстық емханаға келіп тұрмыз. Бұған дейін дәрігер қабылдауына жазыла алмай, жекеменшік кабинеттерге баруға тура келді.

Бүгінде облыста 200-ден астам дәрігер орны бос тұр. Аймаққа келген жас мамандарға 3,5 млн теңгеге дейін көтермеақы беріліп, баспанамен қамтылса да, кадр тапшылығы жойылмады. Жергілікті билік жоғарғы оқу орындарына медицина мамандарын дайындауға грант бөлгенімен, мәселе шешілмей тұр.

Сәкен Әмрин, Облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры:
Қазақстанда енгізілген білім беру жүйесі бойынша дәрігер болу үшін бірнеше деңгейде білім алу керек. Бакалавриат дипломымен дәрігер ретінде жұмыс істеуге болмайды. Интернатураға берілетін грант саны өте шектеулі.

Өзекті мәселені Парламентте Мәжіліс депутаттары да көтерді. Олардың айтуынша, мемлекеттік органдардың медицина маманын дайындауға грант бөліп жатқаны жеткіліксіз.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мемлекеттік білім гранты «бакалавриат» деңгейіне ғана бөлінеді. Ал толыққанды маман атану үшін түлектер Интернатурада оқу керек. Қазақстанда жалпы медицина бакалавры мамандығы бойынша дәрігер болып жұмыс істеуге болмайды. Осылайша жас мамандар мейірбике болып қана еңбек ете алады. Не үшін орта медицина қызметкерін дайындау үшін бес жыл бойы жылына 1 млн теңге шығындаймыз?

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысындағы емдеу мекемелеріне басқа өңірлерден 280 жас маман келді. Дегенмен, кадр жетіспеушілігі әлі өзекті мәселе болып тұр. Дәрігер дефицит болғандықтан, кейбір медициналық қондырғыларды шаң басып тұр.

Эльмира Кәленова, тілші:
Дәрігер жетіспеушілігі шалғай елдімекендермен қатар, үкен қалаларда да бар. Ең көп тапшылық Астана қаласында тіркелген. Елордада 1500-ге жуық дәрігердің орны бос тұр. Одан кейінгі тізімді Қостанай және Алматы облыстары жалғайды. Әсіресе анестиезолог-реаниматолог, инфекционист, эпидемиолог пен жалпы практика мамандары қат.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу