Ресейдің Омбы облысында құтырма ауруының 3 ошағы анықталуына байланысты Солтүстік Қазақстанда сақтық шаралары күшейтілді. Себебі облыс қауіпті аймаққа жақын орналасқан.
Жұқпаның таралу қаупі бар. Оның басты тасымалдаушысы – жабайы аңдар. Сондықтан мамандар жыртқыштарды арнайы таблетка беру арқылы вакцинациялау науқанын бастап кетті. Жем түрінде жасалған дәрі-дәрмек аңдар жүретін жерлерге тасталады. Оны қорек еткен жыртқыштар ауырмайды. Былтыр өңірде құтырма ошағы тіркелген жоқ. Дегенмен, аурудың алдын алу мақсатында 168 мыңнан астам ірі-қара мен ұсақ малға екпе салынды.
Қайырлы Қазанов, Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
Біздің облыста құтыру және жануарлардың басқа да аурулары бойынша эпизоотиялық жағдай тұрақты. Биыл 170 мыңнан астам малға екпе салынады. Сондай-ақ, 17 мың ит пен 6200 мысыққа вакцина салынды.
Эльмира Кәленова