Реформаға наразылық: Францияда тұрғындар зейнет жасын шектеуге қарсы шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Реформаға наразылық: Францияда тұрғындар зейнет жасын шектеуге қарсы шықты

20.01.2023

Францияда 1 миллионннан астам адам шеруге шығып, биліктің зейнетақы реформасына наразылық білдірді. Олар азаматтардың зейнетке шығу жасын 2 жылға ұзартуға қарсы. Заң жобасы алынып тасталмаса, демонстранттар шеруді әрі қарай жалғастыра бермек. 

Францияның бірнеше қаласында шеруге шыққан миллиондаған адам президент Эммануэль Макронның зейнетақы реформасына наразы. Кәсіподақтардың дерегінше, демонстранттардың саны 2 миллионнан асып кеткен. Солардың 400 мыңдайы Парижде көшеге шықты.

Ел астанасының кейбір аудандарында қарсылық акциялары полициямен қақтығысқа ұласып, 40-қа жуық адам тұтқындалды. Демонстранттардың пікірінше, үкімет қара жұмыстағыларды бейнеттің зейнетін көру құқығынан айырайын деп отыр.

Эмма Дейлин, студент:
Бұл реформаның әсерін жастар бірінші болып сезінеді. Біз үшін бұл жұмыссыздық көбейеді дегенді білдіреді. Сол себепті көшеге шығып, келіспейтініңді білдірген маңызды.

Жаңа заң жобасын парламент мақұлдаса, азаматтардың зейнет жасы 62-ден 64-ке ұзартылмақ. Президент Макронның пікірінше, бұл өзгеріс нәтижесінде зейнетақы жүйесі қаржылық тұрғыдан өміршең болады.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:
Адамдар ұзақ өмір сүретін елдерде ұрпақтар арасындағы теңдікке негізделген әлеуметтік қамтамасыз етудің күшті және әділ жүйелерін құрдық. Экономикалық белсенді адамдар саны азайып, зейнеткерлер көбейіп жатқанда, бұл жүйе әділдігін сақтау үшін реформа жүргізілуге тиіс.

Кәсіподақтар мақсаттарына жеткенше наразылықты тоқтатпаймыз дейді. Ал бейсенбіде өткен ереуілдер тек бастамасы деп мәлімдеді. Олар қаңтардың 31-де тағы да ереуілге шығатындарын ескертіп отыр.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу