Мемлекет басшысы Қостанай облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қостанай облысына барды

21.01.2023

Бүгін Мемлекет басшысы құбыр апаты болған Рудный қаласына барып, жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көріп қайтты. Қыс ортасы тұрғындарды жылусыз қалдырмау үшін Үкіметке нақты тарсырмалар жүктеп, пәтерлерді аралады. 

Тозған құбыр, тоңған халық. Мұндай көріністі Рудный көшелерінен күнара көруге болады. Жылу құбырлары үнемі жарылады, жұрт дірдек қағады. Соңғы апат екі күн бұрын болды. 1200 пәтер жылусыз қалды. Қазір жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Оның барысымен танысқан Президент бұдан былай тұрғындарды тоңдыруға болмайды деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы еліміз бойынша да, осы облыста да жылу құбырлары апатты жағдайда тұр. Желілердің тозу деңгейі өте жоғары, 70, 80, кейбір жерлерде тіпті 90 пайызға дейін жетеді. Жағдай өте ауыр. Үкіметке бүгіннен бастап, әсіресе көктем және жаз айларында қысқы жылыту маусымына мұқият дайындалуды тапсырамын. Бұл – атқаратын басты міндет, себебі мұны созбалаңға салуға болмайды.

Ал қала әкімі жылусыз қалғанымен, пәтерлер 22 градус жылы деп есеп берген еді. Күтпеген жерден Президент тұрғындармен жолығып, мұның рас өтірігін өзі тексерді.

Бұдан соң Президент пәтерге кіріп көрді, тоңған кішкентай қызды мейірімімен жылытты.

Жұртты жылумен ғана емес, жұмыспен де қамту керек. Бұл ретте Рудныйдағы Құс фермасының жөні бөлек. Президент барған кәсіпорында жылына 250 миллион жұмыртқа, жеті жарым мың тонна тауық еті шығарылады. Отандық нарықты қамтып, артығын Ресей, Тәжікстан мен Ауғанстанға экспорттайды.

Былтыр елде әлеуметтк азық-түлік 20, соның ішінде жұмыртқа 10 процентке қымбаттады. Бұған жем-шөп бағасының көтерілуі себеп. Тапшылық пен қымбатшылықтың алдын алу үшін субсидия бөлу секілді мемлекеттік қолдау да, жеке инвестиция көлемі де артып жатыр.

Қайрат Майышев, құс фермасының бас директоры:

Құсқа жем беруде біраз мәселе бар. Өйткені шикізат нарығы бақыланбайды. Содан болар былтыр бидай үш есе қымбаттады. Содан жұмыртқа бағасы да көтерілді. Бірақ, халыққа керегі арзан баға. Сондықтан мемлекетпен осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Мемлекет басшысы еліміздегі ең ірі кен орындарының бірі Соколов Сарыбайға да соқты.

Досжан Маратұлы, тілші:

Жетпіс жылдан астам тарихы бар кен орынының тереңдігі 500 метрдей. Осы уақытқа дейін бұл жерде жарты миллиард тоннаға жуық темір рудасы өндірілген. Мамандардың айтуынша, кен орыны 2035 жылға қарай толық сарқылмақ.

Өйткені мұнда небары 35 миллион тоннадан астам руда қалған. Сондықтан Президент оны барынша тиімді пайдалануды тапсырды. Яғни аз шикізаттан мол пайда көруіміз керек. Оның үстіне Ресей санкция астында қалғандықтан, бізге жаңа нарық Еуропа ашылып отыр.

Сергей Напольских, Соколов кенішінің басшысы:

Санкциялық қиындықтар мен өндіріс көлемінің азаюына байланысты біз жаңа өнім шығаруды ойластырып отырмыз. Ол - Ыстық брикеттелген темір. 92 процент темірден тұрады. Өндірісі экологиялық жағынан тиімді. Одан «жасыл болат» жасап шығарылады. Нарықта бағасы жоғары болатынын болжап отырмыз.

Рудныйдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Лисаковск қаласына барды. 36 мыңнан астам тұрғыны бар шағын қалада да жылу жауыр болған проблема. Құбырлар 60, жылу орталығы 43 пайызға тозған. Сондықтан екі жылдан бері жаңғырту жүріп жатыр. Жылу электр орталығының мүшкіл халін көрген Президент жаңалау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу