Татарстан медицина саласында Қазақстанмен байланысты нығайта түспек. Дәрігерлер тәжірибе алмасып, денсаулық сақтау саласында инновациялық жобалары бірлесіп жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Жастар өздерінің осы бағыттағы жаңалықтарымен бөлісуге дайын. Мысалы, Қазан қаласындағы оқушылар «ақылды палата» ойлап тапқан.
Ақылды палата - бұл мүмкіндігі шектеулі азаматқа көз қозғалысы арқылы негізгі тұрмыстық әрекеттерді орындауға мүмкіндік беретін күрделі кешен. Яғни, төсек тартып жатқан науқас терезені ашып жаба алады, теледидарды, шамдарды қосады немесе өшіреді. Тіпті медбикені де шақыра алады.
Резеда Бодрова, денсаулық сақтау министрлігінің оңалту жөніндегі бас маманы:
Компьютер 2-3 секунд ішінде көз сенсоры арқылы сигналды анықтай алады. Сонымен қатар, палатадағы барлық жиһаз орнынан қозғала алмайтын науқасқа ыңғайлы етіп жасалған. Төсектің жанындағы монитор адамның көңіл-күйін бақылап, түнде де жұмыс істей береді.
Татарстанда осындай ақылды палаталарды науқастардың үйіне де орната бастады. Жалпы елде медицина саласын цифрландыруға көп көңіл бөлінген. Мамандар қазақстандық дәрігерлермен байланысты күшейтсек деп отыр.
Елена Демьянова, республикалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
Коронавирус өршіген тұста қазақстандық дәрігерлермен әріптестігіміз арта түсті. Біздің мамандар Өскемен қаласына барып, тәжірибе алмасты. Күзде сіздердің дәрігерлеріңіз Қазанға келіп, тағылымдамадан өтті. Алдағы уақытта бірлесіп жаңа жобаларды жүзеге асырамыз деген жоспарымыз бар.
Соңғы уақытта Татарстан қатерлі ісік, ағза ауыстыру бойынша отандық медициналық техника көптеп шығарып жатыр. Осы бағыттағы тәжірибелерімен бөлісуге дайын. Ал республикадағы медициналық жоғары оқу орындары қазақстандық студенттерге бөлінетін грант санын ұлғайтпақ.
Индира Бегайдар