Биыл Қазақ телевизиясына - 65 жыл. Осы уақыт аралығында қара шаңырақ - Ұлттық арнаның ұлттық сана-сезімді қалыптастырып, халқымыздың рухани құндылықтарының дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Мерейтойға орай Алматыда «Телевизиялық менеджмент: тәжірибе мен ғылыми көзқарас» деген атаумен жиын өтіп, журналист Нұржан Мұхамеджанованың жаңа кітабы таныстырылды.
Ауқымды конференцияға отандық медиа саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері мен ақпарат саласының өкілдері қатысты. Меймандар қазақ телевизиясының 65 жылдығының жетістіктері мен алдағы даму болашағын талқылады.
Қайнар Олжай, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Қазіргі әлеуметтік желі, оның көптеген сегменті телевидениеге жетпейді.Телевизия дегеніміз - жаңалық жеткізу бір саласы, бұл орайда қазақ телевизиясы міндетін мықты атқарып келеді. Екіншіден, қоғамға ой салу, кейінгі уақыттағы ойландыратын бағдарламалары өте жақсы.
Осы телевизия саласында талай жыл тер төккен танымал журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Мұхамеджанова «Медиа-Менеджер» атты кітабын таныстырды. Құнды жинаққа автордың 37 сұхбаты мен журналистика саласын жан-жақты қамтитын көлемді мақалалары топтастырылған.
Нұржан Мұхамеджанова, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Отандық журналистиканың 2000 жылдан 2022 жылды қамти келе, қалай дамығанын сол сұхбаттарды қарап, сараптайтын болса, жауап табуына болады. Кітаптан қандай жобалар дайындалды, дайындаудағы мақсат не дегенге жауап береді.
Ерекше, креативті идеяларды рейтингтік жобаларға айналдыра білу - бүгінгі медианың міндеті. Ал соны іске асыратын мықты менеджер - жетістіктің басты кілті. Осылай деген мамандар конференцияда Қазақ телевизиясын дамытудың өзге де өзекті мәселелерін сөз етті.
Жазира Оразқызы