Су тасқынының алдын алу шаралары нашар жүріп жатыр - Әлихан Смайылов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқынының алдын алу шаралары нашар жүріп жатыр - Әлихан Смайылов

24.01.2023

Су тасқынының алдын алу шаралары нашар жүріп жатыр. Ертең зардабын халық тартады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осылай деді. Алматы, Абай, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында су ағызу жүйелері нөсер жауын мен тасқынға төтеп бере алмайды. Көптеген өңірде қар шығару жұмыстары баяу. Ал Төтенше жағдайлар министрі тасқынмен күреске 35 мыңдай адам мен 11 мың техника жұмылдырылады деп уәде берді. 

Егер күн күрт жылынса, шығыста ірілі-ұсақты 70 елдімекенді су басуы мүмкін. Алыс ауылдарды айтпағанда аудан орталықтарын қалың қар басып жатыр. Өскеменде арық тазалау жұмыстарының қарқыны мәз емес. Коммуналдық қызмет мұзды еріту үшін көпір мен су өткізетін құбырларға ыстық су құйып, ерітуге мәжбүр. Ал ауылдағы ағайын аулаларын өз күшімен әупірімдеп қардан тазартып жатыр.

Бүгін Үкімет отырысында көктемгі су тасқынына дайындық шаралары пысықталды. Әлихан Смайылов бұл бағыттағы жұмыстар лайықты деңгейде емес деді. Тұрғындар тарапынан шағым көп. Тасқын салдарынан халықтың баспанасы бүлініп, малы қырылып жатыр. Ауа райын болжаушылар ақпанда оңтүстік өңірлерде күн жылынып, жауын-шашынды болуы мүмкін дейді. Сондықтан, әкімдіктер су тасқынына қарсы жұмыстарды осы бастан күшейтуі қажет.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Қазірдің өзінде 255 елдімекен мен 100 мыңнан астам үй қауіпті аймақта тұр. Ең бастысы мұндағы халықтың жағдайына алаңдауымыз керек. Биыл қыс қарлы болды. Ауа райы күрт жылынып кетсе, су басу қаупі күшейеді. Ақтөбе және Алматы облыстарында қазірдің өзінде елдімекендердің көшелерін су басып жатқаны туралы фактілер бар.

Төтенше жағдайлар министрі өңірлердің әзірлік деңгейі Қарағандыда өтетін «Көктем-2023» оқу-жаттығу барысында тексеріледі деді.

Көктемгі су тасқынымен күреске 35 мың адам мен шамамен 11 мың техника жұмылдырылады. 12 әуе кемесі мен 700-ден астам жүзу құралдары дайын. Тұрғындарды тасымалдау үшін 1 600-ден астам вагон әзірленді. Олармен 61 мың адамды қауіпсіз жерге шығаруға болады.

Министр гидротехникалық нысандардың жай-күйіне алаңдаушылық білдірді. Елдегі 1 800-ден астам ғимараттың 471-і жөндеуді қажет етеді. Олардың көбі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстарында орналасқан. Ал ескі нысанның көмегімен өзендердің қауіпсіз деңгейін реттеу мүмкін емес.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Экология министрлігі 2021 жылы Түркістан облысындағы бүлінген Қапшағай су қоймасын реконструкциялауды аяқтамаған. Ол көктемгі кезеңде лезде толып, қирауы мүмкін. Аталған қауіпті аймақта 7 елдімекен бар. Онда 15 мыңнан астам адам тұрады. Павлодар облысында Сәтбаев атындағы каналдағы №87 бөгетті жөндеу қажет. Оның бұзылуы 2 елдімекенде 460 үйді су басуға және Астана мен Қарағандыны сумен жабдықтаудың үзілуіне әкеп соғуы мүмкін.

Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Дұрыс бақыламау салдарынан 5 млрд текше метрге жуық су жиналған. Түркістан облысында да биыл қар қалың. Бұл Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы елдімекендерді су басу қаупіне әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар, республикалық жолдардың 387 учаскесін су басу қаупі бар.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Тағы бір маңызды мәселе – тасқын кезінде жолдардың шайылып кетуі мен бұзылуы. Мысалы, Қарағанды облысының тұрғындары жыл сайын жолдың шайылып кетуінен Нығман кентімен қарым-қатынас қиынға түседі деп шағымданады. Ауыл тұрғындары азық-түлік пен дәрі-дәрмек қорын алдын-ала дайындап алуға мәжбүр. Мұндай жағдай болмауы тиіс.

Әкімдік бұл проблеманы түпкілікті шешуі қажет, - деді Үкімет басшысы. Осыған байланысты Индустрия министрлігі мен өңір басшылары жолдардың, көпірлер мен су өткізу бекеттерінің су тасқынына дайындығын қамтамасыз ету үшін жедел шаралар қабылдауы керек.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу