Биыл кәсіпкерлердің салық жүктемесі төмендейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл кәсіпкерлердің салық жүктемесі төмендейді

24.01.2023

Биыл кәсіпкерлердің салық жүктемесі төмендейді. Ол үшін екі бұйрыққа өзгеріс енгізіліп жатыр. Нормалар 1 наурызға дейін қабылданады. Бұл туралы тілшімізге жауапты минситрлік өкілі мәлімдеді. Салық кодексіне одан басқа қандай өзгерістер енгізу жоспарланған? Серік Селеубайұлы зерттеді.

Қазір кәсіпкерлер толтыратын құжат көп. Әсіресе шеттен тауар таситындар мен өнімін экспортқа шығаратын бизнес өкілдері тау-тау қағаздың астында қалған. Тіпті бір деректі бірнеше құжатқа қайталап енгізуге мәжбүр. Тауар-көлік жүкқұжаты, кедендік жүк декларациясы, келісімшарт, тауардың спецификациясы, екі түрлі шот фактура. Тауарларды әкелу мен жанама салықтардың төленгені туралы өтініш, Кеден одағының шешімі сынды құжаттар тағы бар. Мұнан бөлек Тауарларға ілеспе жүкқұжат пен виртуалды қойма жүйелерін толтыру қажет. Сарапшылар бұл бизнеске түсетін қосымша салмақ екенін айтады.

Роман Кочеров, бухгалтерлік компания директоры:
Шағын кәсіпкерге бұл құжаттарды толтыру оңай емес. Өйткені бізде қойылатын талаптар өте көп. Сондықтан олар бухгалтерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ал есепшінің қызмет құны 50 мың теңгеден басталады. Толтыратын құжаттар саны көбейген сайын қымбаттай түседі.

Ал бизнес иелері бұл шығынды тауар құнына қосып, салдарынан инфляция артады. Оның үстіне, өнімі қымбат кәсіпкердің нарықтағы шетелдік компаниялармен бәсекеге түсуі де қиын. Сондықтан салықты әкімшілендіру жүйесін қайта қарау керек дейді мамандар.

Юрий Тілеумұратов, Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы:
Салық органдары салықты әкімшілендіруге кететін шығынның бәрін кәсіпкерге артып қойды. Бұрын бір бухгалтер істейтін жұмысты қазір екеуі әрең атқарып жүр. Екі маман бітіретін жұмыс 3-4 адамға жүктеледі. Оның үстіне кәсіпкер қомақты қаражат төлеп тәжірибелі маман жалдауға мәжбүр. Себебі құжаттар дұрыс толтырылмаса одан да көп шығынға батады.

Ал, Қаржы министрлігі кәсіпкерлердің арыз-шағымдарын ескеріп, заңға өзгерістер енгізгенін жеткізді. Жаңа нормалар дүниежүзілік тәжірибелерді ескере отырып жасалған. Цифрлық шешімдерге басымдық берілгені де айтылды.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы министрінің орынбасары:
Атамекенмен бірігіп 30-шы желтоқсанда, жылдың аяғында меморандумға қол қойдық. Мысалы, жүк тасымалдағанда жүк тасымалдайтын электронды құжатты қазір оңтайландыру туралы шешім қабылданды. Екі бұйрыққа өзгерістер енгізіліп жатыр. 1 наурызға дейін бәрін қабылдап, сол процесті жеңілдетеміз.
Серік Селеубайұлы, тілші:
Бүгінгі таңда бұл құжатты 70 мыңдай кәсіпкер тапсырып жүр. Аталған өзгеріс енсе бұл адамдардың саны бес мыңға дейін қысқарады. Жүкқұжат денсаулыққа қауіпті заттарды немесе акцизді тауарларды тасыған кезде талап етіледі. Ал, ілеспе жүк құжаттарды навигациялық пломбалармен алмастыру жоспарланған.

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу