Бішкекте VII қазақ-қырғыз форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бішкекте VII қазақ-қырғыз форумы өтті

24.01.2023

Қырғызстанға ресми сапары аясында Мәулен Әшімбаев бастаған Сенат делегациясының мүшелері Қырғыз елінің президенті Садыр Жапаровпен кездесті. Сондай-ақ Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған VII қазақ-қырғыз форумына қатысты. Жиналғандар арасында екі елдің ақын-жазушылары, тарихшылар мен Айтматовтың шығармашылығын зерттеуші ғалымдар бар. Мәулен Әшімбаев өзара қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосқан қырғыз зиялыларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс білдірді. Бірқатар қайраткерге еліміздің мемлекеттік наградаларын табыстады. Сенаторлар қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, хәкімнің рухына тағзым етті. 

Нұрлан Оразалин, жазушы, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Шыңғыс Айтматовпен тәрбиелендік кішкентай кезімізден. Інісі болып, қасында еріп жүрдік. Сол кісінің болмысы қырғыз халқын, қырғыз халқымен бірге қазақ халқын, жалпы түркі дүниесін тәрбиенің, үлгі-өнегенің жаңа бір биігіне алып шықты.
Баянғали Әлімжанов, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Бұл Шыңғыс Айтматовтың қалдырған мұрасын тағы бір ой-санамыздан өткізу. Қорытындылау, толғау және сонымен бірге біздің халықтардың арасындағы рухани байланысты күшейте түсу. Өйткені, Шыңғыс ағамыз «Манас» деген, Мұхтар Әуезов деген, осылай ардақтап өткен адам. Қазақ-қырғыздың осылай ағамыздың тойын бастауы өте орынды деп білемін.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу