Ел намысын қорғаған спортшылар елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел намысын қорғаған спортшылар елге оралды

24.01.2023

Ұшақтан - құшаққа. Алматылықтар Дүниежүзілік Универсиада ойындарында ел намысын қорғаған спортшыларды үлкен қошеметпен күтіп алды. Шаңғышыларымызды жақындары, достары мен қаланың жастары қарсы алды. Алматы әуежайындағы жылы жүздесуден біздің түсірілім тобы да қалыс қалмады. 

Универсиадаға қатысқандардың дені - Алматы шаһарында оқиды. Бүгін қалаға келгендер саны - 6 спортшы. Қалғандары әлем чемпионатына қатысу үшін бірден Еуропаға аттанған. Америкадан алыс жол жүріп келсе де, атлеттердің жүздері жарқын, көңілдері көтеріңкі.

Олардың арасында шаңғымен секіруден командалық сында күміс медаль иеленген Сергей Ткаченко бар.

Сергей Ткаченко, Қысқы Универсиада ойындарының күміс жүлдегері:
Жазда жарақат алып, аяғымды сындырып алдым. Одан кейін қалыпқа келу оңай болмады. Дегенмен, осы көрсеткіштің өзіне ризамын. Алда әлем чемпионаты бар. Мақсат көп. Ол жерде де жүлдегер атану үшін барымды саламын.

Жастар жарыс жеңіл болмағанын айтады. Алайда, АҚШ-қа алдын ала барып, жергілікті инфрақұрылыммен танысып, құралдарды соған сай қылып дайындау - жеңіске жетелеген әдіс болғанын жасырмайды.

Павел Васильев, Шаңғымен трамплиннен секіру бойынша Ұлттық құраманың бас бапкері:
Қазан айында Лейк-Плесидке барып, үш апта бойы жаттықтық. Сол көп пайдасын тигізді. Жалпы, Трамплиннен шаңғымен секіру спортынан Қазақстан тұңғыш рет халықаралық жарыста екі медальға ие болды. Бұл - тарихи оқиға десек те болады. Алматыда Азиада ойындары кезінде салынған инфрақұрылымның арқасында жаттығу базалары бар. Ол - спортшыларымызға үлкен мүмкіндік.

Әли Асқар мен Мағжан Аманкелдіұлы – шаңғы қос сайысы бойынша ел намысын қорғаған спортшылар. Осы Универсиада 17 жастағы Әли үшін дебют болды. Соған қарамастан, қос спортшы командалық есепте үздік ондыққа кірді. Халықаралық мастер дәрежесін дәлелдеді. Жастардың келешектен күтері көп.

Әли Асқар, Шаңғы қос сайысының спортшысы:
Келесі универсиадада бірінші орын алуға тырысамыз. 24-26 жылы Олимпиадаға барамын. Соған дайындық жақсы жүріп жатыр. Бұйырса, Қазақстанның атын шығаруға тырысамыз.

Дүбірлі дода өтті. Спортшыларымыз елге аман-есен оралды. Жеңіс те болды, жеңіліс те жоқ емес. Дегенмен, бұл спорттық сайыс - алғашқысы да, соңғысы да емес екенін жастар жақсы біледі. Тұғырдан көрінуге әлі барымызды саламыз деп бекініп отыр.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу