Риддердегі жалғыз қазақ мектебі қаусап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддердегі жалғыз қазақ мектебі қаусап тұр

25.01.2023

Шығыстағы Риддер қаласындағы «Шаңырақ» мектебінің оқушылары қос ғимараттың ортасында жүгіріп жүр. Күн райының қолайсыздығынан емес, мектепке бала сыймағандықтан. Іргетасы 85 жыл бұрын қаланған қос ғимараттың шатыры шіріп, іргетасы құлауға шақ тұрса да әлі апатты деп танылмай келеді. Ата-аналар жаңа мектеп салу жөнінде соңғы 20 жылдан бері айтып келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Риддердегі жалғыз қазақ мектебінің қазіргі жағдайын тілшіміз Олжас Керейхан арнайы барып көріп келді.

«Шаңырақ» әу баста қазақ тілін үйрететін үйірме болып ашылған. Кейін орта мектеп, одан көпсалалы гимназия мәртебесін алды. Бастапқыда балалар бір ғимаратта оқыған. Ал соңғы 16 жылдан бері 500-ден аса оқушы мен 100-ге жуық ұстаз қос ғимарттың ортасында жүгіріп жүр.

Бақытжан Бершімбеков, Риддер қаласының тұрғыны:
Мына жерде жаяу өтетіндерге белгі жоқ. Балалар ар жақтан өту үшін, өздеріңіз көріп отырсыздар. Жаяу белгі болса машина тоқтар еді. Ол бір. Мынау кішкентай мектебімізде асхана жоқ. Асты алып кеп, балаларды осында тамақтандырады. Мынадай қақаған аязда ас суып қалмай ма?

Екі ғимарат та ескі. Жоғарғы сыныптар оқитын мектепке жапсарлас салынған қосымша спорт залы құлап жатыр. Қос ғимараттың да қабырғасы әбден мүжілген. Ағаш терезелерді қар басып, одан үскірік үріп тұр. Жылу жүйесін мамандар жамап-жасқаумен әлек.

Олжас Керейхан, тілші:
Салынғанына 85 жыл болған мектеп ғимаратының ішіндегі кейбір заттар әбден тозған. Соның бірі мына киім ілгіш. Мұның қанша жыл пайдалануда болғанын ешкім білмейді. Қазір шайқалып әрең тұр.

Шайқалып тұрған тек киім ілгіш қана емес. Ғимараттың өзі де тозған. Суық болғандықтан қыс түссе спорт залы да жабылады. Дегенмен қадағалаушы органдар мектеп ескі болғанмен сабақ өткізуге болады, деген қорытынды беріп келеді.

Әсем Дүсіпова, «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясы директорының міндетін атқарушы:
Біз жылдағы қабылдаудан өтіп отырмыз. Төтенше жағдай мен СЭС-тен. Апатты жағдайда болса мектептің ашылуына рұхсат бермес еді деп ойлаймын.

Риддердегі жалғыз қазақ мектебіне жаңа ғимарат салу жөнінде бұған дейін ата-аналардың қақпаған есігі қалмаған.

Мадияр Кенәлиев, Риддер қаласының тұрғыны:
Бәріміз жүгіріп жүріп, хат жазып жүріп жаңа қазақ мектебі ашылса деген өзіміздің бір ойымыз болды. Содан кейін қаулы шыққан. Қазақ мектебіне жер бөлінсін деген. Қазақ мектебі биыл салынып болып, биыл пайдалануға берілді. Бірақ берілген кезде, қазақ мектебіне ашылған мектепті аралас мектеп қылып жіберді.

Аралас мектеп қылуды қала тұрғындары сұрапты. Сондықтан ата-аналардың талабын орындадық дейді, білім басқармасының басшысы.

Иннеса Чернышева, облыстық білім басқармасының басшысы:
Былтыр пайдалануға берілген жаңа мектепті аралас етіп ашу жөнінде шешім қабылданды. Өйткені тұрғындардан сондай өтініш түсті. Ал «Шаңырақ» мектебін жөндеуге биыл бюджеттен 60 миллион теңге бөлінді.

60 миллион теңгегенің жартысына құлап қоқысқа айналған спорт зал күреліп, орны тазаланбақ. Ал қалған қаржыға қос ғимарат жөнделмек. Оған қоса биыл Риддерде 600 орындық тағы бір мектептің құрылысы басталады. Енді ата-аналар сол ғимарттан үміттеніп жүр.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу