Алматыдағы «Рахат» базарының 300 кәсіпкері электр қуатынсыз отыр. Соның кесірінен саудагерлердің шығыны 20 миллион теңгеден асқан. Себебі, әрқайсы тоқ көзін бөлетін қондырғыларды пайдалануға мәжбүр. Базар төңірегіндегі дау бес жылдан бері шешілмей келеді. Шаһар басшысының тұрғындармен кездесуінде базар әкімшілігінің өкілі бір жылға жуық уақыт электр қуатынсыз қалғанын айтып тағы шағымданды. Алайда қала әкімі нысанда кәсіпкерлерге ешқандай мүмкіндік қарастырылмағанын, санитарлық талаптарға сай емес екенін ескертті. Қазір екі тарап сот шешімін күтіп отыр.
Жәмила Төленқызы, базар өкілі:
Мына қақаған аязда кәсіпкерлерге бір электр жарығына қосылуға ықпал етуіңізді сұрап келіп отырмын. Жазған шағымдарымыз полиция департаментінде, қалалық прокуратурада, бас прокуратурада қаралып жатыр. Бірақ, өкінішке орай ешқандай шешім жоқ.
Ерболат Досаев, қала әкімі:
Сотқа барғаннан кейін соттың шешімін күтеміз. Бірақ менің ойым, мұндай базарлар қалада болмауы керек. Жер қаланың жері. Ең осы Алматыда көрген 56 базардың ішінде ең нашары – «ТКМ» компаниясының базары.
Қуан Нұрақын