Қазақстанда төмен пайызбен берілетін автонесие ережелері өзгеруі мүмкін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев осы апта себебі мен шарттарын түсіндірді. Қазір халық 4 пайызбен машина алу үшін алдымен автосалонға барып кезекке тұрады. Енді бағдарлама операторы бұл механизмді өзгертуді жоспарлап отыр. Оған сай, азаматтар бірінші автосалонға емес, Өнеркәсіпті дамыту қорында электронды кезекке тұрады. Әрі несие көлемі 10 миллион, ал көлік бағасы 15 миллион теңгеге дейін болуы тиіс деп өзгерту қарастырылып жатыр.
Яғни, болашақта бағдарламаға қымбат көліктер кірмеуі мүмкін. Ал енді «биылғы транш қашан?» деген сұраққа келсек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы айдың соңына дейін тас-түйін дайын боламыз деп мәлімдеді. Тек ескеретіні: биыл жаңадан қаржы құйылмайды, былтырдан қалған қаражат аударылады. Қазір кезекті реттеу мәселесі шешіліп жатыр. Министрлік азаматтар тиесілі мүлкін айлап күтпеуі және заң бұзылмауы үшін былтырғы тәжірибе ескерілетінін жеткізді.
Биыл 135 мың көлік құрастыру жоспарланған. Көлік зауыттан келген бойда автосалондар несиеге беруге тиіс. Бірақ кезек келгенімен, салондарда автомобиль жетпей жатыр. Индустриялық даму комитеті басшысының айтуынша, тапшылық отандық көліктердің көптеп шетел асуынан туындап отыр. Басты себеп: Ресейдегі өндірістің 53 пайызға құлдырауы. Сондықтан олар көрші елдердің нарығына ортақтасып отыр. Теңге инфляциясы да қазақстандық көліктерге деген сұранысты арттырған.
Ілияс Оспанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің комитет төрағасы:
Олар қазір бүкіл елдерден, көрші елдерден, басқа елдерден автомобильдерді әкелуде. Және де Ресей рублінің жоғары болуының мәселесі. Ол да әсер етіп, біздің елде өндірілетін автокөлік оларға арзан түсіп тұр. Сондықтан олар қазір белсенді түрде алып кетуге тырысып отыр.
Серік Селеубайұлы