1815 киік лағы тәлімбаққа алынып, оларға ғылыми зерттеу жүргізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1815 киік лағы тәлімбаққа алынып, оларға ғылыми зерттеу жүргізіледі

30.01.2023

Көктемде 1815 киік лағы тәлімбаққа алынып, елімізде тұңғыш рет оларға ғылыми зерттеу жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті ұйымдастырған брифингте белгілі болды. Тіпті, ақбөкенді қолға үйрету мәселесі де қарастырылып жатыр. Ғалымдардың мақсаты мен жоспарын тілшіміз тыңдап қайтты. 

Әлемдегі киіктердің 90 пайыздан астамы Қазақстан аумағын мекен етеді. Сол себепті де, бізде ақбөкенге деген жауапкершілік басым. Жалпы, соңғы 100 жылда киік жаппай қырылуы 4 рет тіркелді. Соңғысы 2015 жылы Қостанай облысында болды. Киіктерде пастереллёз деген індет бар. Тарихқа сүйенсек, әр 6-7 жылда қайталанып тұрады. Сондай аурулардың алдын алу және зерттеу үшін көктемде 1815 киік лағы тәлімбаққа алынбақ.

Андрей Ким, Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті төрағасының орынбасары:
Ғылыми зерттеудің мақсаты - киіктердің популяциясын тұтастай зерттеу. Бізде қазір үш популяция бар. Батпақдала, Орал және Үстүрт. Әрқайсысында әртүрлі ауру түрлері бар. Қазір ғалымдар қан алып, зерттеу жүргізіп, аурудың алдын алу шараларын жүргізуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ, марал кезінде жабайы аң болса, қазір жартылай қолға үйретілген түр болып есептеледі. Киікті де осы мақсатқа пайдалану мәселесі зерттеліп жатыр.

Киік түз жануары. Қолға үйрету екіталай... Бірақ, жартылай еркіндікте ұстап, бақылауға болады дейді ғалымдар. Жәңгір хан атындағы агротехникалық университетінде 2012 жылдан бері тәлімбақ жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта Батыс Қазақстан облысында 20 мың гектар аумақты қамтитын тәлімбақ салу көзделіп отыр.

Асқар Абдрахманов, Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бас сарапшысы:
Ғылыми-техникалық бағыттағы қаржыландыруға былтыр өтінім берілген. Сол өтінім мақұлданды. Енді бюджетті нақтылау кезінде, наурыз айында бұл ақшалар қарастырылады. Жылына 250 млн теңге, сонда үш жылға 750 млн теңге сұрап отырмыз.

Мамыр айында Қазақстандағы киік популяциясының проблемаларын зерттеуге халықаралық сарапшылар келеді. Сол кезде барлық мәселе жан-жақты жіліктеліп, кеңінен талқыланбақ. Ал, ғылыми мақсатқа киіктің төлін алу кезінде бір де бір жануар атылмайды деп сендірді мамандар.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу