Өскемен трамвай паркі жаңарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемен трамвай паркі жаңарады

31.01.2023

Өскемендегі трамвай паркінің 80 пайызы ескі. Кейбір вагондардың жүруінен тұруы көп. Қолдан-қолға сатылып, банкрот болған мекеме 5 жыл бұрын сот шешімімен мемлекет қарамағына өтіп, коммуналдық мекеме болып қайта құрылды. Қарыз бен дүние-мүлкі түгенделіп, құжаты реттелеген соң, былтырдан бері паркті жаңғырту жұмысы қарқынджы жүріп жатыр.

Тасымалдан алынған вагондарды жөндеп қайта желіге шығару үшін қыруар қаржы қажет. Кейбір трамвайлардың қолданыста жүргеніне 40 жылдан асқан. Қазіргі талапқа да сай келмейді.

Михаил Чайка, трамвай паркінің директоры:

2019 жылы жаңа заң шықты. Қоғамдық көліктің барлық түрін кембағал жандар да пайдалана алу керек деген. Ал біздегі тарамвайлар ол талапқа мүлде сай келмейді. Сондықтан кәсіпорынды кезең-кезеңмен толық жаңғыртуды жоспарлап отырмыз.

Жоспарлап отырған шаруаның бірі - рельсті жаңалау. Әбден тозып, жұқарғандықтан, трамвайлар кейде темір жолдан шығып кетеді.

Олжас Керейхан, тілші:

Қаладағы трамвай рельсі 32 шақырым болады. Қазір оның 80 пайызы тозып тұр. Осы сала мамандарының айтуынша, 1 шақырым рельсті жаңалауға аз дегенде 200 - 250 миллион теңге керек. 32 шақырымды толық ауыстыруға миллиардтаған қаржы қажет. Ал жолаушылар тасымалынан түсетін қаржы трамвай паркінің күнделікті шығынын жабуға да жетпейді.

Бұған дейін трамвай паркі жекенің қолында болды. Бірақ отыз жылда бірде-бір вагон жаңармаған. Тек 5 жыл бұрын мемлекет қарамағына қайтарылды. Алматыда жабылған парктен 20 вагон әкелінді.

Былтыр 3 шақарым рельс ауыстырылды. Биыл жаңа 4 трамвай алынып, олар осы қаңтардан бастап жолаушылар таси бастады. Ал қаладағы тұрғындардың қазір 30 пайызы көліктің осы түрімен қатынайды.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу