Екібастұз бен Риддерде жылу тарифін мейлінше баяу көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі айтты. Тариф саясаты әр кәсіпорынның жағдайына байланысты белгіленеді. Өзгерістер халыққа қызмет көрсететін, қуат көзін ұсынатын немесе электр энергиясын алатын ұйымға байланысты.
Желілердің тозу көрсеткіші де тарифке әсер етеді. Екібастұзда жүйе мүлдем тозған. Ең үлкен өсім сол жақта жоспарланған. Екі еседен жоғары болады. Бірақ біз оны басқа механизмдер арқылы тежеуді жоспарлап отырмыз, - деді министр.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Екібастұз жылу орталығы өтініш берді. Олар тарифті бір мезетте 107 пайызға көтеруді сұрады. Біз ондай қадамға бара алмаймыз, оны өздеріне ашық айттық. Өсім бұдан 4 есе кем болуы мүмкін.
Біріншіден, Екібастұз жылу орталығының иесі де жауапкершілікті арқалауы керек. Инвестиция салуы тиіс. Шығынның бір бөлігі бюджетке, бір бөлігі тұрғындарға түседі. Әділетті тәсіл болу керек. Сонда өсім баяу жүреді.
Дарын Сағитов