Жетісу облысына қарасты Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы қар барысының саны 11-ге жетті. Бұл парк аумағына құрылған фото-бейнетұзақтар арқылы зерттеліп, ғылыми дәлелденген мағлұмат. Былтыр ерекше қорғалатын аумақ қызметкерлері, зоология институты мамандарымен бірлесіп, үш қар барысына GPS треккері бар қарғыбау салған. Осылайша түз тағысының қозғалысын бақылап, оның мекен ету орындарын нақты анықтауға мүмкіндік туып отыр.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Бұл - Алтынемел асуы. Мына жағы Матай тауы болса, мына жағы Қоянды тауы. Дәл осы жермен жуырда қар барысы жүріп өткен. Мойнында GPS треккері бар қарғыбау арқылы осылай ілбістің қозғалысын бақылауға мүмкіндік туды.
Қар барысына қарғыбау салу шарасына қатысқандардың бірі Нұрлан Молдахметов. Жедел топтың жетекшісі барысты тұзақпен ұстап, дәрілі оқпен ұйықтатып, мойнына треккер таққанға дейін қасында болған. Мына әуесқой түсірілім соның айғағы. Санаулы минуттарды пайдаланып, ілбістің салмағын, бойын, құйрығының ұзындығы мен басқа да параметрлерін өлшеп, иен далаға қайта жібердік,-дейді парк қызметкері.
Нұрлан Молдахметов, «Алтынемел» МҰТП жедел тобының бастығы:
Жіберген кезде машинаның жанында 10-15 минуттай жатты. Әзір екпе тарқап кеткенше жатты. 15 минуттан кейін тұрып, жан-жағына қарап, территорияға өрлеп кетті. Таудың ішіне қарай кіріп кетті.
Қарғыбау тағылғаннан кейін жұмысқа ғылыми бөлім қызметкерлері кірісті. Олар жерсерік арқылы берілген мәліметтерді топтастырып, барыстың қозғалысын қадағалап отырады. Нәтижесі де жоқ емес.
Жыртқыштардың қай жерде жүріп, қайда қоректенетіні, өздеріне қандай аумақты белгілеп алғаны анықталды.
Марғұлан Мұсабеков, «Алтынемел» МҰТП ғылым бөлімінің бастығы:
Қыстап жатқаны Жүзасу шатқалы, Шылбыртізгін сол жерде нақты тауешкінің мекен ететін жерінде бұлар тұрақтап қалды. Бір күнде қар барысы есептегенде, 18 км-ге дейін жүріп, жоғарғы көрсеткіші 18-21 км аралығында жортып, аңды кезеді.
Ал қалған барыстардың тыныс-тіршілігіне парк аумағына орнатылған фото-бейне тұзақ арқылы бақылау жасалады. Бір қызығы, бұған дейін оларды бір-бірінен ажырату қиын болған. Қазір арнайы бағдарламамен таңбалары арқылы танып білуге мүмкіндік бар.
Қуат Байтұрбаев, «Алтынемел» МҰТП бас директоры:
Қолдағы таңба дейді ғой. Сондай таңбалары бар. Сол таңбалары арқылы өздерінің бағдарламасы бар. Соны шығарып, көрсетіп, ажыратуға болады.
Қызыл кітапқа енген қар барысын аулаған немесе атқан азаматқа бірден қылмыстық іс қозғалады. Дүние мүлкі тәркіленіп, 2500 АЕК көлемінде айыппұл салынып, бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығанан айыру жазасы қарастырылған.
Қуаныш Қанатұлы