Қазір елордада 206 апатты үй бар. Оның 59-ы алдағы бес жылда сүрілуі тиіс. Бұл ауқымды іс-шаралар инновациялық бағыттағы кешенді жұмыстар аясында жүзеге асырылатын болады. Кеше елорданы дамыту жөніндегі кеңес отырысында Президент соңғы жылдары тозығы жеткен үйлерді бұзу жұмыстары бәсеңдеп қалғанын сынға алған болатын.
Дарын Сағитов, тілші:
Соңғы кезде астанада ескі және апатты жағдайда тұрған үйлерді бұзу жұмыстары тоқтап қалды. Қазір елордада 200-ден астам үй тұруға жарамсыз. Мысалы, мына Асан Қайғы көшесін жаңарту бағдарламасы бар. Бірақ, 5 жылдың ішінде мұнда ескі үйлердің небәрі 14 пайызы ғана бұзылған.
Көшеде ескі үйлерін сатып, қазір баспаналы болып жатқандар бар. Бірақ, әлі де әупірімдеп тұрып жатқандар тезірек жаңа ғимаратқа көшсек деп отыр. Жер үйлердің көбі өткен ғасырдың 50-60-жылдары салынған.
Асан Қайғы көшесінде мемлекет мұқтажы үшін нысандарды сатып алу бойынша арнайы қаулы бар. Оның аясында 114 нысан қазір сүріліп жатыр. Тиісті құжатқа сәйкес, бұзу үшін жалпы 270 үй мен өндірістік орын сатып алынуы тиіс.
Дарын Мұқыжанов, «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК директорының орынбасары:
Қалған 156 объект бойынша қаржының бөлінуіне байланысты жұмыстар атқарылатын болады. Сатып алынған 114 объектінің бүгінгі таңда 80 пайызы сүріліп, тазаланған. Қалғандары босатылуына байланысты сүрілетін болады.
Елорда қарқынды дамып, заманауи ғимараттар бой көтеріп жатса да аудандардағы ескі үйлердің мәселесі әлі де өзекті. Бірақ біртіндеп жүзеге асырылатын жұмыстар аясында, бұл проблеманың да күрмеуі шешіледі. Қазір бас қалада 206 апатты үй мен жатақхана бар. Оның 59-ы алдағы бес жылда сүрілуі тиіс.
Төлеген Ахметов, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:
Биыл 4 үйді бұзу жоспарланып жатыр. Ол Сарыарқа, Алматы, Байқоңыр ауданындағы үйлер. Оның ішінде 2 жатақхана бар. Дүкенұлы, 21 мен Угольная, 12 «А» деген.
Тағы бір мәселе – сүрілген үйлердің орнына берілетін жаңа баспана саны 70 пайызға азайып кеткен. Кейбір тұрғын үйлер орталық жылумен қамтылмаған. Салдарынан тұрғындар дайын тұрған баспанасына көше алмай отыр. Сондай-ақ, 360-тан астам үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Дарын Сағитов