Қызылордада заңсыз ойын бизнесі тыйылмай тұр. Былтыр аймақта құмар ойынның құрығына түскендердің саны екі есе артқан. Ал психологтар лудомания қазіргі қоғамның дертіне айналды деп дабыл қағып отыр. Соңғы жылдары қалада жасырын казино ашып, құмар ойынды бизнеске айналдырғандар азаяр емес. Заңға қайшы болса да әккілер айласын тапқан. Кез келген пәтерді жалға алып, компьютерлерге түрлі бәс тігетін ойындарды онлайн қосып, адамдардың санасын улап келеді.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Біз тұрған қоймада талай адамның тағдырын сындырып, өмірін өкінішке айналдырған құмар ойын автоматтары толып тұр. Мәселен, мынау орыс рулеткасына ұқсас аппарат. Былтыр құзырлы орган өкілдері осындай 100-ге жуық құрылғыны тәркілеп, 18 заңсыз ойын бизнесін жапқан.
Медеу Таубай, облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқарма басшысының орынбасары:
Қылмыстық іс бойынша 795 мың теңге ақша қаражаты, бір рулетка, 113 дана монитор, 132 дана процессор және 6 дана бейнебақылау камералары дәлелдеме зат ретінде алынған. Соттың үкімдері шығып, жаза тағайындалған.
Құзырлы орган қанша күрескенімен, құмар ойын қоғамды індеп барады. Түрін көрсетпеуді өтінген әйел жасырын ойынханалардың кесірінен отбасының шайқалғанын атады.
Әсел Әбдеш, психолог:
Былтырғы жылмен салыстырғанда лудомания осыншалық көп емес еді, осы уақытпен салыстырғанда екі-үш есе көбейіп отыр. Лудоманиямен емделушілердің 80-90 пайызы жауапкершіліктен айырылған азаматтар болып табылады. Олар өздерінің әйелдерін, бала-шағасын үйін, көлігін ұтысқа салып жіберген жағдайлар жиі кездеседі.
Сондай-ақ психологтар елімізде букмекерлік кеңселерді ашықтан ашық насихаттауға тыйым салу керек деп есептейді.
Әділбек Серікұлы