Қымбат көліктерді жалдауды қою керек. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қаржы министрлігінің алқа отырысында тиімсіз шығындарды азайту бойынша тапсырма берді. Оның ішіне түрлі форумдар мен конференциялар да кіреді. Үкімет басшысының тапсырмасы қалай орындалып жатыр?
Былтыр республикалық бюджетке 15,7 трлн теңге кірген. Жоспар артығымен орындалды. Шығыстарды да азайтудың сәті түскен. Бірақ Премьер-Министр тиімсіз сатып алуларды қысқарту керегін айтты.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Тиімділікті арттыру үшін негізсіз шығындарды азайту керек. Ол үшін бюджет әкімшілері қажетсіз сатып алулар жасамауға тиіс. Оның ішіне семинар, конференция, көлік, жиһаз, кеңсе заттары кіреді. Былтыр бұл шығындарды 32 пайызға қысқарта алдық. Үнемделген қаражат басым бағыттарға жұмсалды. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру керек.
Үкімет басшысы атап өткен көліктерге тоқталсақ. Себебі бұл сатып алулар жыл басында жасалады. Мәселен Сыртқы істер, Энергетика, Ақпарат және Қоғамдық даму министрліктері бұл мақсатта екіден тендер жариялаған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сауда және интеграция, Қаржы, Экология және табиғи ресурстар, Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрліктері жоғары санаттағы көліктер жалдаған.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2023 жылдың наурызына дейін ғана көлік қызметін сатып алды. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі байқауға хабарландыруды енді ғана берген. Сарапшылар бұл қаржыны үнемдірек қолдануға болатынын айтады.
Мақсат Сералы, экономист:
Эконом кластағы немесе Қазақстанда өндірілген автокөліктерді мемлекет лизингке алуды қарастыру да артық етпейді. Ұзақ мерзімді қолдануға да артық етпейді. Және де отандық автоөндірушілермен белгілі меморандумға келе отырып, сол бизнес класстағы машиналарды жергілікті әкімшіліктер қолдануға мүмкіндігі бар.
Сарапшы отандық автоөндірушілер бұл ұсынысты қуана қолдайтынын айтады. Өйткені бұл үлкен жарнама. Қазірдің өзінде күштік құрылымдар Қазақстанда жасалған көліктерді қолданып жүр. Сонымен қатар шетелдік делегацияларды күтіп алатын кезде элиталық автоларды қысқа уақытқа ғана жалдау керек деген пікір де бар. Көлікке кететін шығынды шектеу нормасын енгізу туралы да ұсыныс айтылып жүр. Мамандар осының бәрі жаңа заңдарда ескерілгенін қалайды.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-қаржы министрі:
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелердің есептілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданады. Қаражатты нәтижеге байланысты бөлу және бюджеттік және стратегиялық жоспарлауды толығымен цифрландыру керек. Бұл бағыттағы түбегейлі шешімдер жаңа Бюджет кодексінде қабылданатын болады. Онда процесті жеңілдету мен мемлекеттік маңызы бар жобаларға мақсатты транфертті Президенттің шешімімен ғана бөлу сынды тетіктер бар.
Биылдан бастап үнемделген қаражатты келесі жылға қалдыруға болатын норма енгізілді. Бұл жыл соңында жарияланатын түрлі байқауларды азайтуға тиіс. Яғни мағынасыз басқосулар да тиылады деген сөз.
Серік Селеубайұлы