Құтқарушылар Түркістан облысындағы су тасқынымен күндіз-түні күресіп жатыр. Апатты жағдайда қалған адамдар қауіпсіз аймаққа жеткізілді, баспаналарды тілсіз жаудан қорғау да басты назарда. Тасқынға тосқын қою үшін он үш мыңдай қап құм әзірленді. Суды сору мен лап қойған қызыл судың арнасын бұру жұмыстары да түнімен тоқтаған жоқ. Соңғы мәліметке қарағанда, аймақтағы бес елді мекенде табиғи апат орын алған. Еріген қар мен жаңбыр суының мол түсуіне байланысты Арыс қаласы маңында да жағдай алаңдатарлық. Үйлердің өзенге жақын салынуы қауіпті арттырып отыр. Қазгидрометтің дерегінше, бүгін де облыстың көп бөлігінде жауын-шашын болып, температура жоғарылайды. Яғни, су деңгейі тағы да көтерілуі мүмкін.