«Ауыл аманаты» бағдарламасына биыл 52 миллиард теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ауыл аманаты» бағдарламасына биыл 52 миллиард теңге бөлінеді

03.02.2023

«Ауыл аманаты» бағдарламасына биыл 52 миллиард теңге бөлінбек. Қомақты қаржыға ауыл азаматтарына арзан несие беру көзделген. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысының Жамбыл өңіріне жасаған сапары кезінде айтылды. Әулиеата жерінде Қасым-Жомарт Тоқаев Шерхан Мұртаза ескерткішене гүл шоғын қойып, жастармен кездесті. Студент кезін есіне алды. Бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, алдағы сайлаудың маңыздылығына тоқталды.

Ауылдағы ағайынды жұмыспен қамтып, табысын арттыру басым бағыттардың бірі. Сондықтан елде «Ауыл аманаты» жобасы іске асып жатыр. Пилотты бағдарлама аясында ауылдықтарға 2,5 пайызбен несие береледі. Ол қаржыға жұрт мал сатып алады, егін егеді. Яғни шаруашылықпен айналысып, күнін көреді. Президент барған Байзақ ауданы Қостөбе ауылындағы кооператив осылай 300-ге жуық адамға несие беріп үлгерген.

Арзан несиенің шапағатын көргендердің бірі Айсұлу апа. 3 миллион теңгеге 8 сиыр алып, ауласында бағып, табысын тауып отыр. Шағын шаруа қожалығына Президент келіп, отбасына табыс тіледі.

Айсұлу Мирсәлімова, Қостөбе ауылының тұрғыны:

Май қаймақ жасаймын. Құрт жасаймын. Құртты Алматыға жіберемін. Ол жақта біраз тұтынушыларым бар.

Жұртқа жұмыс қана емес, сапалы медицина керек. 125 мың тұрғыны бар Байзақ ауданында бұрын жөні түзу аурухана жоқ еді. Басы ауырып, балтыры сыздығандар облыс орталығына немесе Алматыға ағылатын. Енді 4,5 млрд теңгеге заманауи емхана бой көтеріп, халық игілігіне беріліп отыр. Су жаңа мекемені Президент аралап көрді, мүмкіншілігін жоғары бағалады.

Досжан Маратұлы, тілші:

Америкадан жеткізілген мына компьютерлік томография аппараты ТМД елдерінде тек бізде ғана бар. Әрі ол Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда емес, осы Байзақтағы ауруханада тұр. Соңғы үлгідегі моделдің зиянды сәулелері өте аз, онкологиялық аурулардың кез-келген түрін анықтайды, дейді мамандар.

Бірақ облысқа ауруларды анықтап, жұртты емдейтін 100-ге жуық дәрігер жетіспейді. Аурухана да тапшы. Сондықтан таяуда тағы 12 емхана салынбақ. Оған дейін шалғайда жатқан 400 ауылға мынадай диагностикалық кешені бар автобустар қатынай тұрады.

Жанар Доспанова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Біздің елдімекендердегі скринингтік тексерулер созылмалы, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға өте үлкен үлесін тигізді. Соған сәйкес біздің облысымызда, әсіресе ауылдық жерлерде өлім-жітім көрсеткіші азайып отыр.

Аурухана ғана емес, мектеп те тапшы. Қазір ел бойынша 840 мың оқушыға орын қажет. Сол үшін ұл-қыздар үш ауысыммен оқиды әрбір сыныпта бала саны тым көп. Бұл білім сапасына кері әсер ететіні анық. Сондықтан облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім ұялары бой көтеріп жатыр. Соның бірі Қостөбе ауылында. Жаңа мектеп пайдалануға берілгелі оқушылар мәз.

Рахат Жанысбай, оқушы:

Біздегі ең бірінші мәселе – оқушылардың сыймауы болды. Кабинеттер тар оқушылар көп болғандықтан көп оқушыларға орын жетпей қалды. Кабинетіміз мүлдем суық болды. Сосын көптеген керек жарақтар жоқ болды. Кітаптың жетіспеуі тағыда басқа нәрселер болды. Ал жаңа мектепте бізде кабинет кең. Оқушылар сыйып жатыр.

Жаңа мектепте білім алуға қажеттінің бәрі бар. Оқушылар шахмат та ойнайды, домбыра да шертеді. 2025 жылға дейін өңірде осындай тағы 12 мектеп салынбақ.

Білім саласындағы тағы бір проблема жатақхана тапшылығы. Қазір елде 87 мың студент білімнен бұрын тұратын жер іздеуге мәжбүр. Әулиеата өңірінде бұл мәселе оң шешімін тауып келеді. Мәселен президент барған Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновация институтының жатақханасы бұрын қонақ үй еді. Қазір студенттер үйі. Қасым-Жомарт Тоқаев қыз-жігіттердің бөлмелерін аралап көріп, студент шағын есіне алды.

Былтыр студенттердің стипендиясы 20, магистранттар мен докторанттардікі 15 пайызға көтерілген еді. Жастарға қолдау арта береді деген президент білім алудың маңызын Абай философиясымен түсіндіріп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Білім деген өте маңызды. Абайша айтқанда толық адам деген не? Бұл ең алдымен білімді адам. Ойы ұшқыр, сергек адам. Білімге деген ұмтылысын білдіретін адам. Білімге келгенде қанағат қылмау керек. Күн сайын білім алу керек. Әр жерде, әр салада. Сондықтан бәріңізге сәттілік тілеймін.

Университетке былтыр шындықтың шырақшысы атанған жазушы Шерхан Мұртазаның есімі беріліп, ескерткіші бой көтерген. Президент соған гүл шоғын қойып, тағзым етті. Зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Алдағы сайлаудың маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең басты мәселе – әділ, ашық болу керек. Осындай лайықты адамдар біздің Парламентке келсе, еліміздің дамуына үлес қосады деп үміттенемін. Дүниежүзінде болып жатқан жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Ішкі саясат та, сыртқы саясат та сындарлы, салмақты болуы керек. Ең басты міндетіміз – мемлекеттілігімізді сақтап қалу. Сын-қатерлер аз емес. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық, бір ұлт болып ұйысып, ел үшін қызмет етейік.

Жақында Тараз қолөнершілерінің әлемдік конкурста бақтары жанды. Енді көне шаһар қолөнершілер қаласы деген әлемдік тізімге 56-шы болып кіріп отыр. Бұған мына сертификат дәлел. Президент сол байқаудағы бұйымдарды аралап көріп, жеті өрімді қамшы мен түс киізді сатып алды. Негізі сыйға тартылған еді, бірақ президент шеберлердің көзмайын тауысып жасаған дүниесін тегін емес, бағалап алғанды жөн көрді.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу