Вашингтон университетінде «500 ғалым» жобасының алғашқы түлектері оқуын тәмамдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтон университетінде «500 ғалым» жобасының алғашқы түлектері оқуын тәмамдады

06.02.2023

«500 ғалым» жобасының алғашқы түлектері. АҚШ астанасындағы Джордж Вашингтон университетінде білімін жетілдірген ғалымдардың алғашқы тобы тағылымдамаларын аяқтап, арнайы сертификаттарға ие болды.

Бір жыл бойы тіл сындырып, күні түні көз майын тауысып оқыған еңбек ақталды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге тағылымдамадан өткен он алты ғалым айлар бойы зерттеген жобаларын қорғап шықты. Оқуын аяқтаған түлектердің барлығы дерлік білім саласынан келген мамандар.

Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:

Бұл ғылыми ортамен араласып, ғалымдармен пікір алмасу үшін үлкен мүмкіндік болды. Болашақ бағдарламасына үлкен рахмет.

Әлібек Ыдырысұлы еліміздегі ғылыми жарияланымдардың сапасы мен санын қалай арттыру керегін Америкадағы жүйемен салыстыра қаузаған. Себебі, Қазақстанда ғылыми мақалалар аз жазылады. Сапасына да сын көп. Мәселен, тұтас қазақ ғалымдарының бес жылда жариялаған зерттеу материалдары бір Джордж Вашингтон университетінің ақпараттық базасында сол уақыт аралығында жарық көрген академиялық жұмыстармен парапар екен.

Әлібек Ыдырысұлы, Биомедицина орталығының басшысы:

Жобаның бірінші кезеңі бітті. Екінші кезеңі енді Қазақстанда осы зерттеулерімізді ұсыныс түрінде жұмыс орындарымызда, министрлікке ұсынамыз.

Марлень Ларуэль Европа, Ресей және Еуразия зерттеу институтының директоры:

Олар бұл жерде терең зерттеулер жүргізді. Әрі көптеген оқу тапсырмаларын орындады. Нәтижесінде академиялық ағылшын тілінде жазу мен сөйлеу әлеуеттері елеуі артқанын байқадық.

Ал, әлемде ғылыми жұмыстардың 85 пайызы әуелі ағылшынша жарияланатынын ескерсек, халықаралық қатынас тілін меңгеру отандық ғалымдар үшін сарқылмас академиялық ресурс болмақ. Айта кетейік, 2021 жылы 500 ғалым жобасы бойынша 416 маман степендиант атанса, оның үштен бірі АҚШ-тың Жоғарғы оқу орындарында тағылымдамадан өтіп жатыр.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу