Түркістан облысында табиғи апаттан келген шығын есептеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында табиғи апаттан келген шығын есептеледі

06.02.2023

Түркістан облысында төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша жұмыстар пысықталды. Аймақ басшысы табиғи апаттан келген шығындарды тезірек есептеп, тұрғындарға тиісті көмек беруді тапсырды. Тасқыннан зардап шеккен ауыл тұрғындарының кейбірі әлі күнге баспаналарына орала алмай отыр. Айтуларынша, кейбір үйлердің қабырғалары жарылып, тұруға қауіп төндіріп тұр.

Сауран ауданындағы Сағындықовтар отбасы қарғын судан қатты зардап шеккендердің бірі. Қызыл су баспананың барлық бөлмесіне кірген. Қазір олар мешіттің жанындағы баспанада тұрып жатыр. Ауылдастары азық-түлік пен отын суын жеткізіп беріпті.

 Тәттігүл Сағындықова, Үлгілі ауылының тұрғыны:
Үйім жарамайды, апатты жағдайда тұр. Оған кіріп-шығуға рұқсат бермейді. Құлап қалу қауіпі бар. Баспана керек. Молда мына мешіттен шақ десе, мен қайда барамын?

Ал көршілес Абай ауылындағы тұрғын үйлердің қабырғалары қақырай бастапты. Қора-қопсылардың құлағаны былай тұрсын, баспаналарда тұру қауіпті болып қалды дейді жергілікті халық.

Қиын жағдайға тап болған тұрғындар жергілікті биліктен көмек күтіп отыр. Ең алдымен, шығын көлемін есептеу керек.

Жұмағали Байдуллаев, Абай ауылының тұрғыны:
Апатты жағдайлардың бәрін көрсетіп, суретке түсіріп жіберіңіздер деді. Өз көздерімен келіп көрмегеннен кейін болмайды. МЧС-тің адамы бар, бірақ үйдің жағдайын әкімдер де көрсе.

Қазір ауыл ішіндегі жолдарда су көлкіп тұр. Оқушылар өтетін тұстары да суға толып, қозғалыс қиындаған.

Құралай Реева, Абай ауылының тұрғыны:
 Бүгін сабақ басталды, бірақ судан өте алмай жатыр балаларымыз. Барлығының бала-шағасы үйде. Жаңа автобус жүрген еді біз жаққа қарай, жолдан өте алмай автобус кері қайтты.

Бүгін облыс әкімдігінде төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша жұмыстар пысықталды. Аймақ басшысы көктемгі тасқынға Сауран ауданында дайындық жұмыстары өз деңгейінде атқарылмағанын айтып, сынға алды. Табиғи апаттан келген шығындарды бағалау жұмысын жедел атқарып, тұрғындарға тиісті көмек берілетінін жеткізді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:
Су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтарға заң аясында көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылсын. Су тасқынының алдын алу үшін атқарылуы тиіс межелік іс жоспарлары толық орындалуын қамтамасыз ету керек. Бұдан басқа қауіпті учаскелерді қайта зерделеп, қалпына келтіру үшін заң шеңберінде қажетті шаралар атқарылады.

Төлеби, Қазығұрт, Келес, Сарыағаш ауданында қауіп әлі де сейілген жоқ. Сондықтан облыс әкімі апаттың алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Қажет болса басқа аудан-қалалардан қосымша техника жіберіледі. Жалпы өткен аптада болған тасқыннан өңірдегі 21 елдімекені зардап шегіп, 234 үйдің ауласын су басқан еді.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу