Бүгін жеңілдетілген автонесие рәсімдеу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін жеңілдетілген автонесие рәсімдеу басталды

06.02.2023

 Бүгін таңғы оннан бастап жеңілдетілген автонесиеге 125 мыңнан астам адам өтінім бермек болған.

Бұл жеңілдетілген автонесиеге өтінім беріп үлгерген астаналық Еркінжан Сәкенұлы. Ол науқанға дайындықты күні бұрын бастаған. Ол үшін ЭЦҚ кілтін тез терілетін сөзге ауыстырып, жылдамдығы жоғары ғаламторы бар ноутбук дайындап қойған. Соның арқасында тізімге енді.

Еркінжан Сәкенұлы, қала тұрғыны:
Мен Гринвич уақытымен сайтқа 04:00-де кірдім. Сайт ашылғанша, кнопка басылғанша 2 секундтай кетті. ЭЦП-мен екі рет кіресің. Бірінші кіріп өтінімді толтырып, өз номіріңді жазасың. Кейін тағы да ЭЦП-мен басып қол қою керек. Соған менде бес секундтай кетті.

Бағдарлама операторлары 125 мың азамат өтініш беруге талпынғанын мәлімдеді. Тиісті өтінім санын жинауға бар болғаны 18 секунд кеткен.

Серік Селеубайұлы, тілші:
Егер сіз жеңілдетілген автонесиеге өтініш беріп үлгерген 761 адамның бірі болсаңыз жеке куәлігіңізді алып кез келген автосалонға келу керек. Бұл жерде сізддің ЖСН номіріңіз арқылы тізімде бар-жоғыңыз тексеріледі. Содан кейін таңдаған автокөлігіңіздің бағасын есептеп береді. Сол шотты алып банкке бару керек.

Тізімді банк те тексереді. Содан кейін ғана несие рәсімдеуге кіріседі. Қарыз мақұлдануы үшін адамның төлем қабілеті, несие тарихы, басқа борыштарының бар-жоғы тексеріледі.

Шыңғыс Мұқанов, банк қызметкері:
Альтернативті ұсыныс келетін жағдайлар болады. Біз клиентке, сізге сегіз миллиондай мақұлдады, қалған соманы бастапқы жарна ретінде құюы керегін ескертеміз.

Жеңілдетілген бағдарлама бойынша несиені төрт банк рәсімдеп жатыр. Яғни бір банк мақұлдамаған қарызды басқасы беруі мүмкін. Ал мүлде мақұлданбаса, қаражат келесі адамға беру үшін мемлекетке қайтады. Бағдарлама операторлары ай сайын 100 шақты адамға жаңа тіркеу ашатынын мәлімдеді. Сол кезде бүгінгі қателіктерді түсетуге сөз берді.

Ринат Гаппаров, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
Сайтта аздаған ақаулар болды. Бұл қателер алдағы уақытта түзеледі. Жалпы платформа өз міндетін жақсы атқарып шықты. Сонымен қатар бұл тізімдегі орнды басқа адамға сату мүмкін емес екенін айтқым келеді. Бағдарламаға ілінуге көмектесем деген адамдарға сенбеңіздер.

Сайтта боттардың өтініш беруіне де тосқауыл қойылған. Өйткені жасанды интеллект ЭЦҚ кілтті қолдана алмайды. Сондай-ақ бұл бағдарлама арқылы несие рәсімдеген азаматқа екі жылға дейін қайта өтініш беруіне шектеу қойылған.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу