Қазақстандықтар Түркиядағы апат аймағына көмек көрсетіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар Түркиядағы апат аймағына көмек көрсетіп жатыр

07.02.2023

Түркияның жер сілкінген аймақтарында құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Әлемнің 20-ға жуық елінен үш мыңнан аса құтқарушы көмекке барған. Апат аймағындағы жұмыстарды жеңілдету үшін жер сілкінген облыстарға тек арнайы қызметтердің көліктеріне кіру рұқсат етіледі. Түркиядағы соңғы жағдайды толығырақ білу үшін бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған әріптесім Айдос Әшімұлына сөз беремін.

 Айдос Әшімұлы тілші:

Апат болған 10 облыста төтенше жағдай 3 ай бойы сақталады. Тиісті жарлыққа бүгін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қол қойды. Халыққа үндеу жасаған Ердоған банктер мен үлкен компанияларды, сондай-ақ қарапайым халықты жер сілкінісінен зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуге шақырды. Өз кезегінде Ердоған Түркия Президентіне тиесілі екі ұшақ та апат аймағының қажеттілігі үшін қолданылатынын айтты. Бұдан бөлек апат аймағындағы мектептер мен университеттер 20 ақпанға дейін демалысқа жіберілетін болды. Түркия тарихындағы ең ірі жер дүмпуінің бірі болған бұл апат он үш жарым миллион адамға зардабын тигізген.

РЕЖЕП ТАЙИП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек бергісі келген қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлерімізден қаржыны Төтенше жағдайларды жою жөніндегі басқарманың есеп шоты арқылы жіберулеріңізді сұраймыз. Көмек үшін жіберілген Түрік лирасынан да шетел валютасынан да банкілеріміз ешқандай салық ұстамайды.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Сондай-ақ жер сілкінген 10 қаланың бірі Килис шаһарында іздеу-құтқару жұмыстары толық аяқталды. Бұл қала апат ошағынан алыстау орналасқандықтан қирандылар көп емес болатын. Бүгін құтқарушылар үйінділерді толық тексеріп шығып, құлаған ғимараттар астында ешкім қалмағанына көз жеткізді.

Ал Түркия қонақ үйлер қауымдастығы жер сілкінісінен зардап шеккендерді қабылдау үшін Анталия қонақ үйлерінде 50 мың орын дайын екендігін айтты. Соңғы ақпаратқа сүйенсек апаттан қаза тапқандар саны үш мың бес жүз қырық тоғыз адам, ал жараланғандар 22 мыңнан асқан.


Хабарламаларға жазылу