Жамбыл облысының Қордай ауданында қордаланған мәселелер оң шешімін тауып келеді. Соңғы жылдары бұл ауданда 400-ге жуық жоба жүзеге асты. Бұл үшін 31 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген. Соның арқасында елді мекендердегі инфрақұрылым мәселелері шешімін тапқан. Бұдан бөлек, бірқатар әлеуметтік нысан бой көтеріп, 3 жыл бұрынғы тәртіпсіздік кезінде зақым келген ғимараттар толығымен қалпына келген. Сондай-ақ, Қордай ауданында тұратын дүнген ұлты жаппай қазақ тілін үйренуге ден қойған. Мәселен, Масаншы ауылының 200-ге жуық баласы қазақ тілінде сөйлеп үйренген. Ал былтыр ауданда 744 адам мемлекеттік тілді оқу курсынан өтсе, оның 96 пайызы өзге этнос өкілі.
Ақбота Тұрсынбекова – мұғалім:
Қазір мектептен тыс осы өзге ұлт өкілдерімен курс жүргіземін. Жалпы ересек тұрғындарға тілді үйретемін. Нәтиже бар. Ең бірінші тілді үйрену үшін адамға ниет керек қой. Ниетті көрдім, нәтиже берді.