Түркиядағы жер сілкінісі болған аймақтарда жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушылар жалпы саны 4 адамды құтқарды. Мұны Президентке есеп берген Төтенше жағдайлар министрі айтты. Құтқарушылардың бір тобы бүгін ғана түркиялық әріптестерімен бірге Газиантепте қираған 9 қабатты нысанның астынан 3 адамды алып шыққан, барлығы да дін аман.
Үйінді астында 72 сағаттан астам уақыт жатып қалған қарт кісі мен екі жас жігітке Қазақстаннан барған медицина қызметкерлері көмек көрсетіп жатыр. Мұнда темір бетон құрылғылардың кез келген уақытта құлап кету қаупі бар. Алайда бұған қарамастан құтқару жұмыстары үзіліссіз жүріп жатыр. Зілзаладан зардап шеккендерді анықтауға иісшіл иттер мен арнайы іздеу құралдары да тартылған.
Айта кетейік, Түркиядағы зілзалаға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлді. Қазақстанның білікті дәрігерлері мен құтқарушыларынан құралған екі арнайы жасақ оқиға орнына аттанған еді. Олар тәулік бойы көз ілместен жұмыс істеуді жалғастырып жатыр.
Асылбек Данияр