Ұлттық волонтерлер желісі зілзаладан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық волонтерлер желісі зілзаладан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр

09.02.2023

Түркия қолдауға мұқтаж. Ұлттық волонтерлер желісі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің үйлестіруімен Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауды бастады. Бұл туралы арнамыздағы «Бас тақырып» бағдарламасына сұхбат берген ведомство басшысы Дархан Қыдырәлі айтты. Көмек Астана қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 11/5 мекенжайында қабылданады. Ұйықтауға арналған қаптар, қол шамы, пауэрбанк, памперс, жеке гигиена құралдары секілді заттарды жинау республикалық маңызы бар барлық қалалар мен облыс орталықтарында да ұйымдастырылады. Гуманитарлық көмекті «Birgemiz» өңірлік волонтерлер фронт-офистеріне тапсыруға болады.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Қыстың кезі ғой, әртүрлі киім-кешек, көрпе-төсек сияқты алғашқы қажеттілікке жарайтын жиналған заттар да сол Түркия елшілігі арқылы мекенжайға жетеді деп ойлаймын. Ел азаматтарының көрсеткен осындай қолдауы бауырластықты бекіте түсетін, бекемдейтін көпір болады ғой деп ойлаймын.

Сондай-ақ зардап шеккендерге қаржылай көмек экранда көрсетілген реквизиттер арқылы қабылданады. Барлық сұрақтар бойынша «Birgemiz» республикалық волонтерлер фронт-офисінің ақпараттық орталығына төмендегі телефон нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Айта кетейік, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің «Бас тақырыпқа» берген сұхбатының толық нұсқасын арнамыздан алдағы сенбі күні сағат 20:40-та көре аласыздар.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу