Рудный қаласында құбыр жарылып, 83 үй жылусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рудный қаласында құбыр жарылып, 83 үй жылусыз қалды

09.02.2023

Жуырда ғана төтенше жағдай жарияланған Қостанай облысының Рудный қаласында бүгін тағы жылу құбыры жарылды. Мамандардың айтуынша, апат бұған дейін де ақау шыққан жерде болған. Соның салдарынан 24 көпқабатты және 59 жеке сектордағы тұрғын үймен басқа да, 17 нысан жылудан ажыратылды.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Рудный қаласының Горняк көшесіндегі диаметрі 500 мм-ден асатын магистральді құбыр таңғы сағат алтылар шамасында жарылған. Бұл жерден бұған дейін де ақау шыққандықтан апат орны жылдам анықталды. Құбыр жарылған жер қазылып, суы құрғатылған. Коммуналдық сала қызметкерлері қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Далаға аққан ыстық судан апат болған аумақты қалың тұман басты. Қауіпсіздік үшін көшеде қозғалыс шектеліп, полиция жол бойын бақылауға алған. Ал таң қараңғысынан жылусыз қалған тұрғындар үйлеріне электр жылытқыш қосып амалдап отырмыз дейді.

Нұрсұлу Бамұратова, Рудный қаласының тұрғыны:

Үй суық. Балаларым қызуы көтеріліп ауырып жатыр. Жылу қашан берілетіні белгісіз. Қыстай осымен бірнеше рет қайталанды. Ас үйде газды, басқа бөлмеде жылытқыш қосып отырмыз. Бірақ олар тиісті жылуды бере алмайды бәрібір.

Апат орнында жылу желісінің мамандарымен бірге төтенше жағдай қызметкерлері де жүр. Арнайы техниканың да түрі көп. Бәрі де жылу беруді тездетіп қалпына келтіру үшін таң қараңғысынан бел жазбай жұмыс істеп жатыр.

Мақсат Әлмұхамедов, слесарь:

Біз жылу желісінің слесарларымыз. Бүкіл учаске осында. Құбырдың бетін жапқан бетонды алдық. Ендің тесілген жерін кесіп, дәнекерлеуге кірісеміз.

Желіден жиі ақау шығуына оның әбден ескіргендігі себеп. Қала бойынша тозу көрсеткіші 62 пайызға жеткен. 1 қазаннан бастап бүгінге дейін Рудныйда инженерлік желілер осымен 74-ші рет жарылған.

Азамат Ысқақов, Рудный қаласы әкімінің орынбасары:

Алдағы жылға құны 11 млдр теңгеден асатын екі жоба дайындап, бюджеттік өтінім бердік. Жоғарыдан мақұлданса, бірнеше магистралді және кварталішілік желілерді жаңартамыз. Былтыр осындай жұмысқа 5 млдр теңге жұмсалды.

Ал қыс түскелі қайта-қайта жарылған магистралдің ұзындығы – 700 метр. Ол жергілікті бюджет есебінен жазда толық ауыстырылады.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу