Ал Газиантеп қаласында қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер үш учаскеде жұмыс істеп жатыр. Олар орналасқан аумаққа біздің осы елдегі меншікті тілшіміз Айдос Әшімұлы жетті. Қазір эфирге қосайық. Айдос
Айдос Әшімұлы, тілші:
Біз қазір Газиантеп қаласының маңындағы қазақстандық құтқарушылар орналасқан аумақта тұрмыз. Құтқарушылар екі ауысыммен күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Қазір жергілікті сағатпен таңғы сегізде, Астана уақыты бойынша 11:00-де түнгі ауысым осында келеді де, екінші ауысым қаладағы үйінділерді тазалауға шығады. Газиантеп қаласында құтқарушылар мен дәрігерлер үш учаскеде жұмыс істеп жатыр. Құтқарушыларымыз бен кинологтардың тағы бір тобы кеше Хатай қаласына кетті. Қазақстандық құтқарушылар апат аймағына келгелі оншақты адамды үйінділер астынан шығарып алды. Зілзаладан зардап шеккен тұрғындардың қазақстандық құтқарушыларға алғысы шексіз. Осындағы тұрғындардың барлығы кездескен сайын ілтипаттарын білдіреді. Ал түркиялық құтқарушылар біздің құтқарушылардың кәсібилігі мен шеберлігіне тәнті болып отыр. Үйінді астындағы адамдарды алып шығу оңай жұмыс емес, ол үшін кәсіби біліктілікпен қатар, темірдей тәртіп пен жан-жақта жоспар керек. Біздің жігіттер осы үдеден шығып жүр. Ғасыр апаты деген атау берілген Түркиядағы жер сілкінісінің зардаптары орасан. Оны кеше жолда келе жатқанда көрдік. Жол бойы кішігірім қалашықтар мен ауылдарда аман қалған ғимарат аз. Қазір біз де құтқарушылармен бірге апат аймағына барамыз. Алдағы шығарылымдарда сол жерден соңғы ақпараттармен бөлісеміз.
Айдос Әшімұлы