АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі азаматтарды қоғамдық орындарда сақ болуға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі азаматтарды қоғамдық орындарда сақ болуға шақырды

10.02.2023

АҚШ-тағы Қазақстан азаматтары адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарға барғанда аса сақ болу керек. Қазақстан елшілігі осы мемлекетте жүрген отандастарымызға үндеу жасады. Себебі, биыл тұрғындарға жаппай оқ ату қылмысы күрт өршіді. Қаңтар айының өзінде осындай елуден аса қылмыс тіркеліп, тоқсанға жуық тұрғын қаза тапты. Ал, Конгресс депутаттары жартылай автоматты қаруларды жастарға сатқан компанияларды қылмыстық жазаға тартуды талап етіп жатыр.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Жаңа жыл басталғалы АҚШ-та жаппай оқ ату қылмысының құрбандары күрт өсті. Бүгіннің өзінде Флорида штатында бір адам көз жұмып, төртеуі жарақат алды. Сарапшылар қаңтар айындағы қанды қырғын құрбаны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда елу пайызға көп деп отыр. Әсіресе, Калифорния штатында қатарынан осындай бес қылмыс тіркеліп, ондаған отбасы қара жамылды. Сенаторлар заңды қатайтып, жартылай автоматты қаруларды сатуды шектеу керек, дейді. Себебі, соңғы жылдары бұл қару түрлерін халыққа қарсы қолдану фактісі көбейген.

Чак Шумер, сенатор:

Тағы бір жүрегімізді ауыртқан апта болды. Сондықтан біз қоғамда қару-жарақтың кең таралуына жол бермеуіміз керек. JR 15 деп аталатын жартылай автоматты қарулардың саудасына тосқауыл қою керек. Бірнеше апта бұрын Вирджинияда алты жасар баланың, бірінші сынып оқушысының мұғаліміне мылтық кезеніп, оқ атқанын естігенде жан дүниеміз түршікті. Бұл суық қарулардың балаларға жарнамалануына тосқауыл керек екенін еске салады.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Сенаторлар Федералдық Сауда Комиссиясынан балаларға мылтық сататын компаниялардың үстінен тергеу жүргізіп, жауапқа тартуды талап етті. Жалпы, демократтар ондаған жылдар бойы АҚШ-тағы қару саудасына бақылауды күшейтуге тырысып келеді. Алайда, республикашылдар мұндай шектеу адамдардың қару ұстауға қатысты конституциялық құқығын бұзады деп әркез қарсы тұрып, жол бермей жүр. Сондықтан автоматты және жартылай автоматты қарулар еркін сатылып жатыр. Ал, Конгрестен қолдау таппаған Калифорния губернаторы ең болмағанда штат деңгейінде қаруды жасырын ұстап жүруге тиым салатын заң қабылдамақ.

Гавин Ньюсом, Калифорния штатының губернаторы:

Осы уақытқа дейін 50-ден аса жаппай оқ ату қылмысы тіркеледі. Елуден аса. Қаңтар айында қанша күн бар? Отыз? Отыз бір? Енді елестетіп көріңіз. 1500 адам оққа ұшты, және бұл соншалықты етіміз үйренген қалыпты жағдайға айналды. Біз бұған ғана жол бермейміз. Заңды қатайтамыз.

Айта кетейік, күдіктіні қоспағанда, қылмыс кезінде төрт және одан көп адам жарақат алса немесе өлтірілсе ғана жаппай оқ ату қылмысы санатына жатқызылады. Одан төмені бұл есепке алынбайды. Ал, мұндай қылмыстың көбеюуі халықтың үрейі мен уайымын күшейте түскен. Американың психологиялық қауымдастығының зерттеуі бойынша, америкалықтардың бір бөлігі ешбір жерде өздерін қауіпсіз сезінбейтінін айтса, үштен бірі кейбір орындардан аулақ жүретінін мойындапты. Ал, статистика бойынша АҚШ ең қаруланған ел саналады. Тұрғындардың қолында 400 млн-дай суық қару бар. Демек, қару саны халық санынан әлдеқайда көп.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу