Алматыдағы көпқабатты ғимараттардың үштен бірі жер сілкінісіне төтеп бере алмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы көпқабатты ғимараттардың үштен бірі жер сілкінісіне төтеп бере алмайды

10.02.2023

Екі жыл бойы 11 мыңнан астам нысанға зерттеу жүргізген мамандар осындай мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, қала аумағындағы әлеуметтік нысандардың биіктігі 5 қабаттан аспауы керек. Ескі үйлермен қатар сапасыз салынған құрылыстар да қатер көп.

Мамандар қаладағы барлық құрылыс нысаны тексерілмегенін айтады. Яғни нақты қай аумақтың өте қауіпті екенін дөп басып айту мүмкін емес. Дегенмен салынғанына 70 жыл болған жеркепелерді толықтай бұзу керек. Өйткені олар жер сілкінісі түгілі орта дәрежедегі дүмпулерге де төтеп бере алмайды.

Бегман Құлбаев, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

Болжам бойынша 11 мыңнан астам тексерілген нысандардың 30-35 пайызы қайтадан осы сейсмикалық жағынан қауіпті болып саналады. Оның ішінде арнайы енді жаңа өзіңіз айтқандай хрющевкалар, олар міндетті түрде қайта бұзылып, қайта салуға жатқызылған.

Алматы 9-10 балға дейінгі зілзала қаупі бар аймақта орналасқан. Шығыс Қазақстаннан бастап Қызылорда облысына дейін 7-ден 9 балл аралағында жер сілкінісі болуы мүмкін. Яғни бұл өңірлерде құрылысқа қойылатын сейсмикалық талап жоғары. Бірақ мұның бәрі қағаз жүзінде ғана. Өйткені тексерушілер қателікті анықтауға құлықсыз дейді мамандар.

Мәулен Айманбетов, сарапшы:

Сапа ең басты. Екінші уақтылы салу. Және үшінші мәселесі – құрылыстың құны өсіп кетпеуі керек. Осы жерде техникалық қадағалаушы егер нысанның күнделікті басында тұрмаса, онда мердігер қадағалаушы болмағандықтан, өз ойына келгенін істеуі мүмкін.

Жасырын жұмыстар актісі деген де түсінік бар. Ол қалың бетонның астында немесе басқа да ашып көруге мүмкіндік жоқ жерлердің сапасының дұрыстығын білдіретін құжат. Көп жағдайда бақылаушы құрылыс барысын толық қадағаламаған соң мердігердің сөзіне сеніп қағазға қол қояды. Ал ондағы болмашы кінәраттың кесірінен дүмпу кезінде ғимараттың қаңқасы қақырап кетуі мүмкін.

Бақытжан Жүнісбеков, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:

Техникалық талаптарды сақтамай, құрылыс жүргізу заңға қайшы. Өйткені бұл ғимараттың көтеруші қабілетіне, яғни беріктігіне әсер етеді. Оның ішінде темірбетон құрылымының сапалы болуы маңызды. Сондықтан жауапсыз мердігерлер жазаланып, тексерістен өтпеген осал құрылыстар сүріледі.

Қазір жұмысынан кінарат табылған бақылаушы алты айға лицензиясынан айырылып, қомақты айыппұл арқалайды. Бірақ бұл салғырттыққа тосқауыл болмай тұр. Сарапшылар тек жауапкершілік күшейгенде ғана тәртіп орнайтынына сенімді.

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:

Осы жылдан бастап жол саласында авторлық және техникалық қадағалау ұйымдастыратын компаниялардың қылмыстық жауапкершілігі енгізілді заңға. Енді сол компаниялар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды бұзғаны үшін қылмыстық іске тартылады. Сондықтан осындай форматта басқа салаларда да жауапкершілікке тартуға болады.

Қазір жауапты министрлік құрылыс саласын реттеу мақсатында жаңа нормалар әзірлеп жатыр. Онда монополияны жою, цифрландыру және баға саясаты жөнінде жаңалықтар бар. Яғни, адамның қатысуы барынша азаяды. Осылайша құрылыс сапасын арттыру көзделген.

Серік Селеубайұлы, Жасұлан Жақсай

Хабарламаларға жазылу