Жыл басталмай жатып азық-түлік тағы қымбаттады. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың инфляциясы 1,7 пайызға жеткен. Көкөніс бағасы да күн сайын ырыққа көнбей барады. Осы аптада Үкімет басшысы Әлихан Смайылов әкімдерді сынады. Жергілікті билік бағаны тұрақтандыруға бөлінген қаржыны игере алмай отыр,-деді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Әкімдерге бағаны ұстау үшін қажетті тетіктердің бәрін бердік. Қаржы да бөлінді. Бірақ, баға өсіп келе жатыр. Әкімдіктердің тиімді жұмысын көріп отырғанымыз жоқ. Жергілікті жерлерде аталған мәселелерге салғырт қараудың салдарынан бағаның өсуі тоқтайтын емес.
Үкіметте айтылған дерекке қарасақ, жыл басынан бері пияз - 22,5, күріш - 5,2, қырыққабат - 4,1, сүт және сәбіз - 3,1, картоп - 3, макарон - 2,6 пайызға қымбаттаған.
Ал жоспар бойынша биыл жылдық инфляция 9,5 пайыздан аспауы керек. Сонда бір айдың өзінде 1,5 пайызға өскен азық-түлік бағасын арзандатудың қандай тетігі бар? Сауда және интеграция министрлігі жақында тұрақтандыру қорындағы көкөністерді сата бастаймыз,-деді. Бірақ, одан баға түсе ме? Қоймадағы қор жеткілікті ме?
Азық-түліктің қымбаттауы бойынша Маңғыстау облысы көш басында. Аймақтағы инфляция жыл басынан бері 3,4 пайыз болған. Әкімдік өкілдері бағаны реттей алмай отырғанын мойындады.
Жанна Тоқбаева, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:
Біз бағаны былай ұстай алмаймыз, оның күрт өсіп кетпеуіне жұмыстанамыз. Күнделікті инфляциялық процестер бола береді, 15 пайыз ғана өзіміздің жерімізде өндіріледі. 85 пайызға жуығы бізге басқа өңір мен шет елден тасымалданады.
Сол тауарларды дер кезінде жеткізу жұмысын ұйымдастыруға 3,3 млрд теңге бөлінген. Бірақ, 2 миллиарды әлі игерілмепті. Баға шарықтап кетті, ал жауаптылар келісімшартты енді жасаймыз дейді.
Жанна Тоқбаева, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:
Қазір біз «Мерке» қант зауытымен 972 миллионға келісімшартқа отырдық. Ал қалған ақша маусымдық баға өсуіне байланысты жаңа келісімшарттарға жұмсалатын болады.
Астанада да осы жағдай. Қала әкімдігіне бағаны реттеу үшін 14 млрд теңге берілген. Бірақ, елорда азық-түлігі ең қымбат үш өңірдің бірі.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Астаналықтар әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жылына 600 мың тоннасын тұтынады. 19 түрлі тауардың тек үшеуі ғана осында өндіріледі. Қалған 16 түрі, әсіресе көкөністердің барлығы аймақтардан тасымалданады.
Әкімдік мәліметінше, 14 млрд теңгеге 14 келісімшарт жасалып, өндірушілерге 0,01 пайызбен қарыз берілген. Олардың өнімдері қазір қала маңындағы 9 қоймада сақтаулы. Барлығы 35 мың тонна өнім енді сатылымға шығарылды.
Қуаныш Сапаров, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
110-нан астам сауда орталықтарымен біз келістік. Сол жерлерге тікелей өндіруші жуаны жеткізеді.
Бірақ, 160 теңгенің жуасы сұранысты қамтуға жете ме? Өйткені Астаналықтар жылына 10 мың тонна жуа тұтынса, қордағы өнім 3 мың. Ал жалпы Қазақстан бойынша былтыр 1,1 млн тонна жуа жиналған. Ішкі сұраныс 315 мың. 3 есе аз. Сонда пияз неге қымбат? Бұл Үкімет басшысына да түсініксіз.
Пияз бағасын түсіру үшін экспортқа 3 айға тиым салынған. Бірақ, бұл шешімге шаруалар қарсы. Соның салдарынан өнімі шіріп кеткен.
Данияр Қалтаев, Диқандар қауымдастығының төрағасы:
Өнімнің кем дегенде 50 пайызы шіріп кетті. Мысалы, биыл пияз қымбат болды басқа шет елдерде. Біз осындай кезде қымбатқа сатып, біраз мәселемізді шешіп алуға болатын еді. Экспортқа шығарып, ал бізде ол жоқ. Бізде керісінше жабады. Өйткені бізде диқандар көп егейін десе, тағы да қорқады, қойма жоқ оны сақтайтын.
Диқандар сөзінше, елдегі қоймалар пияздың 15 пайызын ғана сақтауға жетеді. Ал жалпы 2 млн тонна азық-түлік сақтайтын мыңнан астам қойма бар. Бірақ, елді арзан азықпен қамту үшін кемі 3 млн тонна азық сақтайтын қойма қажет. Неге салынбайды десеңіз? Оның да шығыны көп.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Мәселен мына қоймада өткен жылдың күзінде жиналған 2 мың тонна картоп бар. Қазір оларды сатылымға шығару үшін іріктеу, тазалау жүріп жатыр. Осы 6 айдай уақыттың ішінде өнімнің шамамен 10 пайыздайы жеуге жарамсыз болып қалады,-дейді қойма қызметкерлері.
Яғни, осының салдарынан өнім кем дегенде 10 пайызға қымбаттайды. Одан бөлек, ортадағы алып-сатарлар бар.
Данияр Қалтаев, Диқандар қауымдастығының төрағасы:
Барлық жерде ортада делдал көп. Мысалы үшін біз қызанақты жылыжайдан 200 теңгеден сатамыз. Осы Шымкенттің дүкеніне кіріп қалсақ, сол қызанақ 500 теңгеден сатылып жатады. Біз базарға барсақ, ол жерге кіргізбейді, орын бермейді. Берген орындарының бәрін шеттен береді, адам бармайтын жерден, әдейі істеледі ол. Өйткені сонда базаркоммен алып-сатарлар бірігіп жасайды.
Делдалдармен күрес дұрыс жүргізілмей отырғанын Премьер-Министрде айтты. Экономист Расул Рысмамбетов ортада пайда көретіндер ауыл шаруашылығының жалпы инфрақұрылымына еніп алған,-дейді.
Расул Рысмамбетов, экономист:
Диқандарға жер беру керек шығар. Өйткені қазір шаруалар әкімдікте жақсы таныстары бар біреуден жерді жалға алуға мәжбүр. Мысалы біреу 1000 гектарды жалға алып, оны қосалқы шаруашылықтарға жалға береді. Мұның бәрі бағаға әсер етеді.
Көкөністің қымбаттауына тағы бір себеп – субсидиялау жүйесіндегі олқылық. Мәселен қостанайлық диқандар биылғы 13 млрд теңге субсидияны әлі алмаған. Күзде ұн мен нан қымбаттауы мүмкін.
Ал Түркістандық жылыжай иелерінің өнімдері көмірдің сапасыздығынан шықпай қалды. Осы аптада Сауда жне интеграция министрі сол жылыжай иелеріне субсидия берілетінін айтты. Ол үшін жылыжай стандартқа сай болуы керек. Бірақ, көбі талапқа сай емес екен.
Нұржігіт Мырзахметов, Ауыл шаруашылық басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
Үсік шалғандарды біз барып көрдік. Ол жерде кейбіреулерінің құжаттары жоқ екен. Ол қолдан, темірмен құрастырылған жылыжайлар болып шықты.
Қазақстандағы жылыжайлардың 70 пайызға жуығы Түркістан облысында. Олардың өнімі шықпай қалғанын ескерсек, көкөніс әлі де қымбаттауы мүмкін,-дейді экономист.
Расул Рысмамбетов, экономист:
Қыста бізде өнім жылыжайда ғана шығарылады. Тұрақтандыру қорындағы өнімдер жақында таусылады. Ал шет елден келетін өнімнің қымбат болатыны онсыз да түсінікті.
Осы аптада Сауда және интеграция министрлігі тұрақтандыру қорындағы көкөністерді сатылымға шығарды. Одан резервтегі өнім азаймайды,-деді жауаптылар. Бірақ, әкімдіктер дерегінше, қордағы өнім тұрғындардың 4 айлық сұранысының жартысына ғана жетеді. Сондықтан өнімдер шектеп сатылуы мүмкін. Мәселен қазір Астанадағы ірі сауда желілері 160 теңгенің жуасын 1 адамға 5 келіден артық сатпай жатыр.
Амангелді Сейтхан