Рубльмен бірге қымбаттаған көрші елдің тауарларын Қазақстан өзінде шығаруға көшуі керек - сарапшылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рубльмен бірге қымбаттаған көрші елдің тауарларын Қазақстан өзінде шығаруға көшуі керек - сарапшылар

12.02.2023

Әлемдегі экономикалық, саяси ахуал өзгерген сайын теңгенің бағамы да құбылып тұр. Өткен жылы долларға шаққанда 500 теңгеге дейін әлсіреген валюта қазір біршама нығайды. Оған бір жағынан жаһандық және ел ішіндегі факторлар әсер етеді. Мәселен, ұлттық банк бюджетке 228 млн доллар көлемінде кепілдендірілген трансферт жасады. Одан бөлек, квазимемлекеттік және оған еншілес компаниялар экспорттық табысының 75 пайызын теңгеге аударуға міндетті. Бұл биыл шамамен 545 млн долларға тең болды.

Оның үстіне қазір ірі ұйымдардың салық төлейтін уақыты. Одан бөлек, әлемдегі жағдайларға байланысты доллардың өзі өзге валюталарға қарағанда аз да болса әлсіреді. Мұның барлығы теңгенің нығаюына үлес қосып отыр.

Ал Ресей рубліне келер болсақ. Қазір бірқатар сарапшы теңге рубльге деген тәуелділіктен арылып келеді деген пікір айтып жүр. Бұл уақытша құбылыс болуы мүмкін. Себебі Қазақстанның саудадағы ең ірі серіктесі - Ресей. Жылына 20 миллион доллардан астам қаржы айналымда болады. Өткен жылы 1 рубльдің құны 8 теңгеге дейін өскені мәлім.

Сарапшылардың пікірінше, бұл қазақстандық тауар өндірушілер мен экспорттаушыларға таптырмас мүмкіндік болды. Рубльмен бірге қымбаттаған көрші елдің тауарларын Қазақстан өзінде шығаруға көшуі керек еді. Алайда әлі де импортқа тәуелді. Енді рубль қайта әлсірей бастады. Егер құны шектен тыс төмендесе, ішкі өндіріске керісінше қауіп төнгелі тұр. 2014-2015 жылғы рубльдің девальвациясы есіңізде болса, 28 миллиард теңге Ресейге кетіп қалған еді.

Мадияр Кенжеболат, экономист:

Біз Ресеймен көп қарым-қатынаста болғаннан кейін, Ресей рублінің әлсізденуі біздің тауарды шығаратын азаматтарға негізі қиын болады. Өйткені рубль әлсіреген кезде рубльмен шығарылған тауардың бағасы да түседі. Сондықтан ол бәсекелестікке біз шыдай алмаймыз. Сенің майың 2 есе қымбат болса, олардың майы 2 есе арзан, бірақ сапасы жағынан төмен емес, тіпті жақсырақ болуы мүмкін. Сен қандай патриот болсаң да, арзанырағын аласың.

Жангелді Шымшықов, экономист:

Америка Құрама Штаттарының долары неге күшті? Неге құдіретті? Өйткені олар дүние жүзіндегі бүкіл әлемдік өнімнің жиынтық өнімнің 70 пайызын өндіреді. Сондықтан да отандық өнім өндіруді жолға қойып, жан басына шаққанда 40 мың доллар Америкадағы сияқты өнім өндіріп сататын болсақ, біздің теңгеміз сонда ғана болашақта күшейеді. Ал қазіргі бағытымен жүре берсек, онда ешқандай теңге күшеймейді, керісінше әлсірей береді деп толық жауапкершілікпен айта аламын.

Бауыржан Исабеков, экономист:

Рубльді долларға шаққанда еркін бағамға жібереміз деп, бүгінгі таңда рубльдің долларға шаққандағы құны 67-70 рубль болады деген болжам бар. Монетарлық саясатын шын мәнінде өзгертетін болса, онда теңгенің рубльге шаққандағы құны ФРС-тің шешім қабылдауына сәйкес, 6 теңгеге дейін төмендейді деген шама бар.

Оңғар Алпысбайұлы



Хабарламаларға жазылу