Осы аптада «Масс-медиа туралы» жаңа заң жобасы қызу талқыланды. Журналистер заң осы күйінде қабылданып кетсе, құқығымыз шектеліп, кәсіби тұрғыда жұмыс істеуімізге кедергі келтіріледі деген пікір айтты. Ұлттық арнаның «Бас тақырып» бағдарламасына сұхбат берген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бұл пікірлер заң жобасы қабылданғанда ескерілетінін жеткізді.
Сондай-ақ белсенді азаматтарды жұмыс тобына шақырды. Ал көпшілік талқылаған «Пресс карта» журналистің құқықтық мәртебесін айқындайды, ол жеңілдікпен пәтер, жәрдемақы алуға қажетті құжат, бұл жұмысты шектеу емес, керісінше ынталандыру деп түсіндірді. Министр соңғы кезде баспасөз өкілдеріне қысым мен шабуылдар көбейіп кеткен жоқ па деген сұраққа да жауап берді.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Жалпы елімізге мына ақпараттық шабуылдың үдегені біраздан бері айтылып жатыр. Сонымен қатар жекелеген оқиғалар да көбейді. Бұл мәселеде министрліктің позициясын бірнеше мәрте айттық. Сол кісілермен кездестік. Сол кісілерге өзіміздің қолғабыс көрсетуге, құқықтық жәрдем беруге әзір екенімізді, әрқашан журналистер жанында екенімізді жеткіздік. Тапсырысты орындаушылардың біразы айқындалды, бірақ Президент тапсырмасында тапсырыс берушілерді айқындауда айтылған болатын. Өйткені бұлар енді сырттан шабуыл ма немесе әдейі ұйымдастырылған шабуыл ма, мұның артында кім тұр, не мақсатпен жасалып жатыр. Мұны табуға ең алдымен мүдделіміз.
Альбина Әшім