ChatGPT: Жаңарған жасанды интеллектен адамзат ұта ма, ұтыла ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ChatGPT: Жаңарған жасанды интеллектен адамзат ұта ма, ұтыла ма?

13.02.2023

ChatGPT – қазір әлем жұртын таңдандырып та, алаңдатып та отырған бағдарлама. Таңдай қаққызатыны – қас қағым сәтте өлең, шығарма жазу былай тұрсын, күрделі есептерді шығарып тастайды. Яғни, мектеп оқушылары мен студенттер үшін таптырмас көмекші құрылға айналып үлгерді. Сол себепті бұл бір жағынан алаңдауға негіз болып отыр.

Жалғас Сәдібекұлы журналист:

Қазақта бір білгіш адам болса «білмейтіні жердің астында» деп жатамыз ғой. Сол теңеуді осы жасанды интеллекпен жұмыс істейтін ақылды бағдарламаға пайдаланса болатындай. Қандай сұрақ қойсаңыз да, жауабы әп сәтте дайын. Берген тапсырмаңызды екі етпей орындайды. Тек дұрыс сұрау жасай алсаңыз болды.

ChatGPT – жасанды зердеге қоса орасан зор дерекқорын пайдаланатын бес аспап бағдарлама. Өлең шығарып, әннің сөзін жазады. Ақындық суырып салмалығы өз алдына, ертегі мен кино сценарий құрастырып, компьютерлік кодтарды да түзе алады. Ресми және бейресми хаттар мен құттықтаулардан бөлек, сараптамалық мақалалар мен көлемді баяндамаларды да көзді ашып жұмғанша әзірлеп береді. Жақында тіпті, АҚШ конгрессінің депутаты осы бот жазып берген баяндаманы Капитолий төрінде тұрып оқып шықты. Ал мектеп оқулықтарындағы мейлі ол математика, не химия болсын, кез келген есепті ойланбастан шығарады.

Эндрю Патель, «Secure» компаниясының жасанды интеллект зерттеушісі:

Үлгінің қабілеті таң қаларлық. Сиқырдай көрінеді. Бірнеше жыл бойы әзірленді, бірақ жұртшылық оған алғаш рет қол жеткізіп, не істей алатынын сынып көріп жатыр. Бұл өте маңызды, себебі бұл модельдер жақын арада біз қолданатын күнделікті бағдарламарға кіріктіріледі.

Тіпті, ауырып тұрған адам симптомдарын толық әрі дұрыс жазса, қандай ем шара қолдану керегін айтады. Адвокаттық кеңес те беріп, тиісті органдарға шағым жаза алады. Бұр орайда, мамандардың сөзінше, чат заң мен медицинаға қатысты емтихандарды оңай еңсерген.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Пенсильвания университетінің профессорлары чатқа магистратура деңгейіндегі тапсырмаларды беріп сынып көрген. Жасанды интеллект одан сүрінбей өтіп, б минус, біздіңше төрт деген баға алған. Яғни, магистрлық деңгейін еркін қорғап шыққан. Осылайша, бұл қазір әлемдік маштабтағы феномен болып тұр.

Ағылшыннан басқа, 94 тілде ақпарат алуға болады. Оның ішінде қазақ тілі де бар. Бірақ, қазақшаға келгенде ұзақтау ойланады. Әрі шала жансар жауаптары елдегі тіл мәселесінен хабар беретіндей.

Қазақ тілі ғана емес, ағылшынша нұсқасының да ақсап тұрған тұсы аз емес. Оның ішінде чат ботқа енгізілген ақпараттардың бір бөлігі интернеттен алынған. Ал онда қате, бұрмаланған не жалған мәліметтер өріп жүр. Екіншіден, оқушылар мен студенттер ізденуді қойып, чаттың дайын жауаптарын алуға әдеттене бастапты. Мұның орасан зор салдары болады деп дабыл қаққан кейбір мектептер мен жоғары оқу орындары қазірден бағдарламаны пайдалануға тыйым салып жатыр. Десе де, әлем жасанды интеллектіні қолдануда жаңа кезеңге көшті. Сондықтан сарапшылар оған тосқауыл қою мүмкін емес дейді.

Грегори Морган, Стивенс технологиялық институтының профессоры:

GPT жоғары білім жүйесін өзгертеді, өйткені бұл жаңа құрал. Одан қашып құтыла алмаймыз. Керісінше, біз студенттерге оны қалай тиімді қолдану керегін үйретуміз керек. Көптеген профессорлар мұны студенттер алдау үшін пайдаланады деп уайымдайды. Меніңше, бұл оң өзгерістерге бастайды. Студенттің білім деңгейін бетпе-бет және жазбаша емтихандар арқылы анықтауға болады. Келешекте мұндай жасанды интеллект құралдары білім саласының ажырамас бөлшегіне айналады.

Айтса айтқандай, іске қосылғанына екі ай ғана болса да, ChatGPT-ді қолданушылар қатары жүз млн-нан асты. Яғни, таралу жылдамдығы бойынша инстаграм мен тик-токты басып озды. Чатты пайдалану әзірге тегін, десе де келешекте ақылы болары анық, дейді сарапшылар.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Ал осы бағдарламаны жасап шыққан OpenAI компаниясының құны, тіпті әзірге еш пайда таппаса да қазірдің өзінде 70 млрд долларға жеткен. Компания ChatGPT-дің төртінші буынан жарыққа шығаруға жанталасып жатыр. Оның қазіргі үшінші буыннан айырмашылығы жермен көктей болмақ.


Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу