Алматыда жер сілкінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жер сілкінді

14.02.2023

Еліміздегі ең ірі қала Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта ораналасқаны барлығымызға мәлім. Сондықтан қалалық әкімдік шаһарда сейсмикалық аудит жүргізуді жоспарлап отыр. Сейсмологтар болса, соңғы күшті жер сілкінісіне 100 жылдан асқанын ескертеді. Ал жойқын дүмпулердің әр 80-100 жылда қайталанып тұратыны бар. Жер сілкінісі кезінде не істеу керек? Қалай апаттың алдын алуға болады? Мамандармен тілдескен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес жауап береді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қала әкімі Ерболат Досаев жуырда өткен халықпен кездесуінде шаһар аумағы сейсмикалық аймақтарға бөлінгенін жеткізді. Оның айтуынша, Абай даңғылынан төмен орналасқан аудандар 9 балл, ал жоғарғы жағы 10 балға жатады. Бұл аудандардағы ғимараттардың сейсмикаға қаншалықты төзімді екені әзірге белгісіз. Сондықтан осы жылы аудит жүргізіледі. Ал тұрғындар дүмпу басталса, не істеу керегін біле ме? Дәл қазір біз Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеу, даярлау және оқыту ұлттық орталығындамыз. Мұнда мобильді платформадағы жер сілкінісіне арналған арнайы симулятор бар. Қазір мамандар қосып берсе, ішіне кіріп 7 балдық дүмпуді сезініп көрмекпіз. Қорқынышты, әрине, бірақ мұндай сәтте үрейге бой алдырмай, қауіпсіз орын таңдау керек. Қуыстар, тірек қабырғалар және есіктің ішкі жақтауының астына тұру керкек. Егер оған мүмкіндік болмаса, үстелдің астына тығылған жөн. 

Айта кету керек, бұл – жер сілкінісіне дайындайтын Қазақстандағы жалғыз орталық. Сейсмикалық аймақ тұрғындары қашанда дүмпуге дайын болуы керек. Сондықтан әрдайым «дабыл чемоданыңыз» сақадай сай тұрсын. Оған ақша, құжаттар, дәрі қобдишасы, бір адамға тәулігіне 3-4 литр су, жоғары калориялар тағамдар, консервілер кіреді. Осы шақтық шараларын ұмытпайық.


Хабарламаларға жазылу