Қарағанды облысында кембағал жандар кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отыр. Әсіресе Нұра ауданында мүмкіндігі шектеулі жандардың шағын бизнеске ынтасы зор. Оларға кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы негізінде жыл сайын ондаған гранттар беріледі
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Түтіковтер отбасында 4 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Осы жанұяның мүшелері Гүлжанат пен Жұмакүлдің он саусағынан өнер тамған. Апалы-сіңілі ісмерлердің қолынан шыққан киімдер мен қыз жасауын жұрт бұрыннан қалап алады. 2022 жылы грант иегері атанып, ол қаражатқа тігін цехын ашқан.
Әсел Сандығұлова, Қараой ауылының тұрғыны:
Бұрыннан бері іс тігетін. Сол биыл мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатысып, «Бастау бизнеспен» оқуын оқып, сертификатын алдық. Сосын грант иегері болдық. Сол қаражатқа екі іс машина, бу үтігін, үстел алдық.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Ал Сапарабек Жакудин болса 2005 жылдан бастап үйде бос отырған. Бұрын өрт сөндіруші болған жігіт ағасы, жұмыс барысында қос жанарынан айырылып қалған. Ұзақ уақыт ізденістен кейін ол өзіне ыңғайлы кәсіпті тапқан. Мемлекеттік бағдарлама аясында грантқа ие болған азамат қазір үйінде жеке массаж кабинетін ашқан. Қазір оған келушілер өте көп.
Сапарбек Жакудин-Нұра кентінің тұрғыны:
Интернетке кіріп ізденісте болдым. Массаж курсын оқып алу мақсатым еді. Астанадан табылды. Екі ай оқып келдім қытай массажын. Күз айында мемлекеттік грантқа ие болдым. 1225 000 теіге алдым. Оған өзіме қажетті құралдарды сатып алдым.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Нұра ауданында кәсіпкерлік үшін қайтарымсыз қаражат беру жұмыстары 2018 жылдан қолға алынған. Мәселен өткен жылы «Бастау бизнес» жобасы бойынша 167 адам тегін курста оқытылып, өз жобасын сәтті қорғаған 59 азаматтың кәсібіне деп 63 миллион теңге грант қаражаты бөлінген.
Динара Ермекова, Нұра ауданы «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің басшысы:
59 адам грантқа ие болды. Соның ішінде 16-сы мүмкіндігі шектеулі адамдар. Олар 18 млн 561 мың теңгенің грант қаражатын алды. Тігін цехтерін ашу, массаж қызметін көрсету, наубайхана ашу, металл бөлшектерді өңдеу, техника жөндеу, құс фабрикасын ашу, саңырауқұлақ өсіру деген ерекше жобалар.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау жұмыстары ауданда биыл да жалғасады. Жоспар бойынша 15 мүмкіндігі шектеулі жанның жеке кәсібі үшін грант беру көзделген. Қаржы көлемі 1200 000 теңге дейді, жұмыспен қамту бөлімінің мамандары.