Отандық «Бақыт» фильмі жарыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық «Бақыт» фильмі жарыққа шықты

15.02.2023

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жылына 400-ге жуық әйел қайтыс болады. Ай сайын 120 келіншек өз үйінде жәбір көреді. Өткір мәселені еш бүкпесіз баяндайтын тұңғыш фильм жарыққа шықты.

«Бақыт» деп аталатын туынды зорлық-зомбылыққа қатысты заңды өзгертуге жасалған алғашқы қадам»,- дейді режиссер Асқар Ұзабаев. Алматыдағы Kinopark 11 IMAX ESENTAI кинотеатрында отандық фильмнің жабық көрсетілімі өтті.

«Адам төзгісіз өмір туралы қарапайым хикая». Продюсер Баян Мақсатқызы жаңа туындысын дәл осылай сипаттайды. Әйел тағдыры жайындағы фильм сән қуу немесе тенденцияға еру емес, бұл – қоғамға ащы шындықты жеткізу әрекеті,-дейді ол.

«Бақыт» картинасында шағын қалада тұратын қарапайым отбасының өмірі сипатталады. Күйеуі, әйелі мен олардың бойжеткен қызы. Осы 3 кейіпкер арқылы ұзақ жылдарға созылған тұрмыстық зорлық-зомбылық, махаббатсыз күн кешу, жүрек түкпіріндегі мұң мен қайғы баяндалады.

Ерболат Әлқожа, актер:

Біздің Қазақстанда бұл мәселе бар. Екі отбасының бірінде бар.

Лаура Мырзахметова, актриса:

Осы киноны көргеннен кейін әйелдер, ер адамдар өздеріне қандай да бір сабақ алып, былай істеуге болмайды деген шешімге келіп жатса, қуаныштымын.

Отбасылық жанжал, ұрып-соғу, қорлау - бізде ғана емес, бүкіл әлемді алаңдататын мәселе. Содан болар, аталмыш туынды Берлин Халықаралық кинофестивалінің «Панорама» секциясында үздік атанды.

Асқар Ұзабаев, «Бақыт» фильмінің режиссері:

Осы бір фильм арқылы қоғамда өзекті тұрған түйткілді шеше алмайтынымыз анық. Дегенмен бұл жоба - үлкен істің бастамасы. Бұл кино бәріне көніп, шыдап жүретін әйелдерге ой салады деп ойлаймын. Қоғамдағы ащы шыңдыққа тура қарайтын, осы мәселемен күрескісі келетін азаматтар бізді қолдайды деген сенімдемін.

Әлеуметтік тақырыпты көрсеткен фильмнің шығуына қарапайым азаматтар да үлес қосты. Оны түсіруге краудфандинг жарияланған еді. Ал фильм ертеңнен бастап кинотеатрларда көрсетіле бастайды.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу