Ақтөбе облысында керсінше су қоймалары көктемде тасуы мүмкін. Дәл қаланың іргесіндегі үш бірдей гидронысанды мамандар қатаң бақылауға алған. Себебі көп ұзамай күн күрт жылынуы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан өзендердің арнасы кеңейтіліп, қардан тазартылып жатыр.
Бұл былтырғы көктемдегі жағдай. Ол кезде облыс орталығына қарасты Қарғалы, Думан, Кірпішті секілді онға жуық елдімекен су астында қалған еді. Жүзден аса үй тұруға жарамсыз болып қалды. Жауаптылар мұндай жағдай биыл қайталанбауы үшін барымызды салып жатырмыз дейді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Көктемде су тасқынын болдырмау үшін су қоймалардың деңгейін бақылауда ұстау аса маңызды. Мәселен қазір біз тұрған нысан 54 пайызға толған. Әлі 118 миллион текше метр су қабылдай алады. Қазір бұл жерден су аз көлемде жіберіліп жатыр.
Облыстағы мұндай ірі үш су қоймасының екеуі Ақтөбе қаласының дәл іргесінде орналасқан. Сондықтан олар ерекше бақылауға алынды. Жақын арада бұл жерге судың деңгейін автоматты түрде анықтап, қауіптің алдын алатын шетелдік құрылғы да әкелінбек.
Мырзабай Нұртазин, «ҚазСУШАР» РМК облыстық филиал директоры:
Соған көп ақша бөлініп жатыр. Көп компьютер бөлініп жатыр. Қолмен өлшемей, датчиктермен болу керек. Соған күш салып жатырмыз. Монитормен қарап отырамыз, қай жерде қандай ақау барын.
Бұған дейін облыс бойынша 34 елдімекенді су басу қаупі болған. Қабылданған шаралар нәтижесінде, жиырмасынан қауіп сейілген. Бұдан бөлек, өзендердің арнасы кеңейтіліп жатыр. Ақтөбе қаласында тасқынға тосқын қою жұмыстарына 250 техника мен жүздеген адам жұмылдырылған.
Айдос Хамиев, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:
Ақтөбе қаласы бойынша 12 осал учаске анықталды. Олар бойынша нақты шаралар бекітіліп, жұмыстар басталып кетті. Қысқаша айтсақ, су өткізу құбырларын тазарту, арықтарды тазалау және өзендердің жағалауын қоқыстан тазарту, кеңейту жұмыстары болып табылады.
Қыс түскелі бері облыс орталығынан 150 мың текше метрге жуық қар шығарылған. Жауаптылар үшін бір сәтке де босаңсуға жол жоқ. Өйткені жақын арада күн күрт жылынуы мүмкін деген болжам бар.
Жақсыбек Кемал