Жағдай күрделі: Өңірлерде 700-ден астам мектеп тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жағдай күрделі: Өңірлерде 700-ден астам мектеп тозған

17.02.2023

Биыл елімізде 2 мың шақырым жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңартылады. Ауылдағы ағайынды толғандырған жол, ауызсу, мектеп пен аурухана тапшылығы да біртіндеп шешіледі. Газдандыру жұмыстары да ширап келеді. Бұл туралы бүгін Сенаттағы Парламенттік тыңдауда айтылды. 

Алдағы бес жылда 3,5 мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы жаңартылады. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Биыл 2 мың шақырымға жуық су және жылу желісін қайта салу жоспарланып отыр. Бұл ретте халықты таза ауызсумен қамтуға басымдық беріледі.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Ағымдағы жылы сумен қамту қызметіне 172 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде қала тұрғындарының 98,7 пайызы, ауыл тұрғындарының 96 пайызы қамтылады. 2025 жылдың соңына дейін халықты ауыз сумен қамту 100 процентті құрайды.
Биыл жылу желілерін жаңартуға қомақты қаржы қарастырылады. Өңірлерде желілердің тозу деңгейі 50 пайыздан асады. Кейбір аймақтарда бұдан да жоғары. Қазір жылу электр станциялары мен электр желілеріне ревизия жүргізіліп жатыр. Тексеру бірінші тоқсанда аяқталады. Халықты газбен қамтуда да ілгерілеушілік бар. Былтыр бұл салада 142 жоба жүзеге асқан болатын. Биыл 56 елдімекенге көгілдір отын жеткізіледі. 86 жоба жүзеге асады. 167 мың тұрғын газбен қамтылады. Осылайша газдандыру деңгейі 60 пайызға жетеді.

Өңірлерді қолдауда кедергілер де жоқ емес. Халықтың үлкен қалаларға үдере көшуі аймақтар арасындағы әлеуметтік және экономикалық теңгерімсіздіктерге әкеп соқтырады. Кейінгі 10 жылда солтүстік, шығыс, орталық өңірлерден халық үздіксіз көшіп жатыр. Халық санының өсуі Ақтөбе облысында, Астана, Алматы және Шымкент шаһарларында байқалды. Сондықтан жергілікті билік жаңа жұмыс орындарын ашу мен ауылдағы ағайынның жағдайын жасауға басымдық беруі тиіс.

Серік Шайдаров, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

2019 жылдан бастап қолданылып келе жатқан өңірлік стандарттар жүйесі қайта қарауды талап етеді деп есептейміз. Өйткені, ауылдық елдімекендер үшін бекітілген объектілер мен қызметтер тізбесі ветеринариялық пункт, мал қорымдары, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары сияқты маңызды орындарды көздемейді. 
Өңірлерде мектеп тапшылығы әлі де шешілмей келеді. Түркістан және Алматы облыстарында, Астана, Алматы, Шымкентте жағдай күрделі. 700-ден астам мектеп әбден тозған. Инфрақұрылымның тозу проблемасы денсаулық сақтау саласына да бар. Осы мәселелерді шешу үшін екі пилоттық ұлттық жоба қабылданды. Бұл мақсатқа 3 трлн теңгеге жуық қаржы қарастырылған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Өңірлердің дамуына өзіміздің көмегімізді беру, өңірлердің мүддесін қорғау - Сенаттың жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі. Осы басымдықты жүзеге асыру үшін көптеген жұмыстар алдағы уақытта атқарылады деп сенемін.
2026 жылға дейін кемінде 800 мың оқушыға арналған мектеп салу көзделіп отыр. 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен 32 көпсалалы аудандық аурухана салынуы тиіс. Сенат депутаттары бұл жұмыстарды бақылауда ұстайды.


Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу