Алапат зілзаладан соң Түркияда 10 күн бойы іздеу-құтқару шараларын жүргізген қазақстандық құтқарушылар жұмысын аяқтады. Алдымен Нұрдағы қаласындағы 35 құтқарушы өздеріне тапсырылған учаскеде барлық жұмыстарды бітірді. 3 адамды үйінділер астынан алып шықты. Одан кейін Газиантеп қаласындағы топ та жұмысын аяқтап, техникалары мен құрал-саймандарын жиыстырды. Он күн ішінде біздің мамандар 8 адамды үйінді астынан алып шықты. Газиантеп қаласында құрылған жылжымалы аурухана да жиналды. Дәрігерлеріміз осы күндері 140 жергілікті тұрғынға медициналық көмек көрсетті. Ертең құтқарушыларымыздың алғашқы легі елге орала бастайды.
Ибрахим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары:
Берілген тапсырмаларды орындап, жұмыстарды аяқтап жатырмыз. Қолымыздан келгенше күшіміздің бәрін салдық. Күн демей, түн демей, екі сменаға бөлініп құтқарушылармыз жұмыс істеп жатырмыз. Өте қауіпті жұмыс екенін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Басқа мемлекеттердің, осы Түрік елінің құтақрушыларының да жарақат алғанын көріп жатырсыздар. Тәртібіміздің дұрыс болғанының арқасында осы жұмысты аман-есен аяқтап жатырмыз деп ойлаймын.
Айдос Әшімұлы