Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы 103 жасқа толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы 103 жасқа толды

18.02.2023

Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматова биыл 103 жасқа толды. Ардагер Алматы телестудиясы ашылған 1958 жылы дикторлыққа жарияланған конкурсқа қатысып, 750 адамның арасынан үздік шықты. 20 кісіден тұратын сол кездегі комиссия мүшелерінің бірі қазақтың әйгілі режиссері – Шәкен Айманов болған.

Дикторлық дәуірдің дара тұлғасының саналы ғұмыры - көрерменнің көз алдында. Көптің ықыласына бөленген ол халқына қашан да тілекші. Сол қалпынан танбаған телевизия ардагері Ұлттық арна көрермендеріне ыстық ықыласын білдірді.

Зұлқия Жұматова, Қазақстанның тұңғыш дикторы, телевизия ардагері:

Құрметті теледидар көрермендері! Үлкен сағынышпен сіздермен бүгін телевидение арқылы қауышып отырмыз. Бүгін телевидениенің 65 жылға толған мерейтойы құтты болсын!

Ата-анасынан ерте айырылып, тағдыр тауқыметін көп тартқан Зұлхия Жұматова соғыс жылдары зауытта жұмыс істеп, тылда жан аямай еңбек етті.

Жастайынан шығармашылыққа, өнерге деген құштарлығы оны телевизия саласына жетеледі. 1958 жылы іріктеуге қатысып, комиссия мүшесі Шәкен Аймановтың көзіне түседі.

Зұлқия Жұматова, Қазақстанның тұңғыш дикторы, телевизия ардагері:

Диктор боламын деп барғаным жоқ. Редакциясына балаларға арналған редактор болуға мүмкін түсіп қалармын деп ойлап бардым.

Осылайша, қазақ теледидарындағы тұңғыш диктор болу бақыты Зұлқия Жұматованың пешенесіне жазылды. Қос ғасыр куәгерінің ғұмыры барлық буын өкілдеріне өнеге.

Ардагер пейілі кең, адамдықтан аттамаған адам көп жасайды дейді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу