Қостанай облысында биыл ауылшаруашылығы бойынша 55 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Соның арқасында 600-ге жуық ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Алайда бұл әдемі цифрлардың артында етектен тартқан кедергілер де бар. Біріншіден қаржы институттары шаруаны кепілге беретін несиесінен екі есе қымбат мүлік сұрап шаршатады. Екіншіден –жайылым мен шабындық жер аз.
Бұл механизацияланған қырман Сарыкөл ауданындағы Тәгіл ауылында инвестжоба бойынша былтыр жыл соңында пайдалануға берілді. Қуаты сағатына 5 тонна бидайды сұрыптауға жетеді. Іріктелген дән элиталық тұқымнан бастап мал азығына дейінгі бес түрге бөлінеді.
Алдаберген Мусинов, шаруа:
Бәрінің құны 1 млдр теңгеден асады. 800 млн қаржы жұмсалды. Оған шетелдік құрылғы алдық немістің. Одан кейін екі қойма салдық.
Қоймалардың әрқайсының сиымдылығы 5 мың тонна. Енді кеңсе мен зертхана тұрғызып, таразы қою керек. Іргелі шаруашылық жобаға қажетті қаржыны өз есебінен шығарып отыр. Ал шағын қожалықтар мемлекет қолдауына мұқтаж. Осы тұста түрлі түйткілдер туындайды.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Бұл сементал тұқымды сүтті және етті сиырлар 2020 жылы Австралиядан әкелінген. Ал мына тұрған тайыншалар осы жерде туған солардың төлі. Олар әрине, еркек мал болғандықтан сүт бермейді. Бірақ бағасы қымбат. Бір жылдан соң олар өндіруші бұқа ретінде тірідей салмағының әр келісі 1800 теңгеден сатылады. Оның сыртында иесіне мемлкеттен субсидия төленеді.
Әзірге мұнда 40 сауын сиыр бар. Тәулігіне шамамен 500 литрден артық сүт өндіріледі. Қожалық иесі тағы бір қора, сауу цехын салып, сауын сиырдың санын 300-ге дейін жеткізгісі келеді. Жоба құны 200 млн теңге. Өзінің қаржысы жеткіліксіз, несие алайын десе кепілге қояр мүлкі жоқ.
Григол Капанадзе, шаруа:
Ең басты мәселе – жер жетіспейді. Малды көбейтіп, сүтті молайту үшін азық керек. Азық дайындауға жер керек. Кәдеге асатын мүліктің бәрін сиыр сатып алатын кезде кепілге қойдым.
Сарыкөл ауданындағы ауылшаруашылығы жерінің көлемі 503 мың гектар. Оның тек 90 мың гектары ғана шабындық пен жайылым. «Сондықтан сұрағанға бере қоятын артық жатқан жер жоқ»,-дейді аудан әкімі.
Амантай Балғарин, Сарыкөл ауданының әкімі:
Иә, ол әрі қарай дамығысы келсе басқа шешім қабылдау керек. Иә біреуден сатып алу керек, иә бос жатқан жерді. Біз Қазғарышпен бірлесіп бос жатқан жерлерді анықтаймыз. Пайдаланылмай жатқаны болса, мемлекетке қайтартамыз.
Әрине, жобаны жүзеге асыруға қаржы таппай қиналған шаруаның жер сатып алуға шамасы жетпейтіні анық. Сондықтан мемлекетке қайтарылған жерден үлес бұйырғанын күтіп үміттенгеннен асқа амал жоқ.
Дәуренбек Әбдібек