Маңғыстау облысында сейсмикалық станциялар ашу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында сейсмикалық станциялар ашу керек

21.02.2023

Маңғыстау облысында сейсмикалық станциялар ашу керек. Өйткені аймақта техногендік жер сілкінісі болуы мүмкін. Мұнай-газ кен орындарын қарқынды игеріліп жатқаны жасанды жер асты дүмпуіне әкелеуі ықтимал дейді, мамандар. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.

Ақтау қаласының тұрғыны Қажымұрат Хайрушев кезінде облыстағы төтенше жағдайлар департаментін басқарған. Айтуынша, аймақта жер асты дүмпуі соңғы рет 2 мыңыншы жылдың басында болған. Жер сілкінісінен шошыған тұрғындардың қатты үрейленіп, бәрі далада жүргені әлі есінде. Сондықтан, бұл аймақта сейсмологиялық зерттеулер жүргізілу керек деп санайды.

Қажымұрат Хайрушев, Ақтау қаласының тұрғыны:
Адамның өмірі мен өлімі. Сол өлім болмас үшін не істеу керек? Жан-жақтан мұны зерттеу керек. Біздің зілзала жағындағы сейсмологтар зерттеп, жердің астындағы қарым-қатынастың бәрін қарап, соны дұрыс жеткізіп билікке, соған қызмет ету керек.

Маңғыстау өңірі 7,9 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін аймақтар қатарында. Әсіресе жасанды жер асты дүмпуінен қауіп жоғары. Алматы қалалық сейсмология институтының мамандары оның себебін де түсіндірді.

Айгүл Данабаева, Алматы қалалық Сейсмология институты аймақтық сейсмология зертханасының меңгерушісі:
Табиғи жер сілкінісі сіздерде ондай қауіпті емес. Ал техногендік жер сілкінісі, сіздерге қауіп осы жасанды жер сілкінісінен келеді. Техногендік жер сілкіністері бұл мұнай-газды қарқынды игеру кезінде болатын жер сілкіністері.

Осыған байланысты мамандар аймақта сейсмикалық бағалау жүргізуді ұсынды. Мұндай шара техногендік апаттың алдын алуға мүмкіндік береді.

Данияр Елшібаев, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы:
Құрылыс нормаларына сәйкес, Маңғыстау облысында 14 елді-мекен қауіпті аймаққа кіргізілген. Қазіргі таңда сейсмологиялық бағалау жүргізу үшін, сейсмология мекемесінен қанша қаражат кететіндігі жөнінде бағалау ұсыным алып жатырмыз. Жергілікті бюджетті нақтылау кезінде қарастырылып, ары қарай МО да сейсмологиялық бағалау жүргізіледі.

Қазір Маңғыстау облысында бірде-бір сейсмикалық қондырғы жоқ. 2009 жылы Ақтауда 3,4 балдық жер сілкінісі болғанын Атырау сейсмологиялық станциясы тіркеген. Ал мұнай-газ өндірісі қарқынды жүріп жатыр. Аймақтағы 63 кен орнынан жылына 17 млн тоннаға жуық мұнай шығарылады.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу