Жайлаудағы инфрақұрылым мәселесі енді мемлекет есебінен шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жайлаудағы инфрақұрылым мәселесі енді мемлекет есебінен шешіледі

21.02.2023

Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында жайылым тапшылығын жоюдың ерекше әдісі қолға алынды. Ауыл тұрғындарының игілігі үшін маусымдық мал өрісі ұйымдастырылады. Бақташылар елдің төрт түлігін жаз бойы суы бар, шөбі шүйгін жайылымда бағады. Жайлаудағы инфрақұрылым мәселесі мемлекет есебінен шешілмек. 

Айдын Ысқақов осыдан 10 жыл бұрын Алабас ауылының маңынан 2 мың гектар шабындық жер алған. Кейін мал басы азайған соң шөбі шүйгін алқап бос қалыпты. Сондықтан ол игерілмей тұрған жерді биыл мемлекет меншігіне қайтарды.

Айдын Ысқақов, фермер:

Маған қашықтау жер, ауылдың арасы 50-60 шақырым жер болды, өз еркімізбен халықтың игілігі үшін, мал жайылымы үшін сол жерді тапсырып, содан енді біраз шаруалар шешілді. Қазақша айтқанда «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болдық осы күні.

Бұқар жырау ауданында биыл Айдын Ысқақов секілді бірнеше фермер бос жатқан 13 мың гектар жерді мемлекетке өткізген. Енді аудан әкімшілігі ол жерге маусымдық мал жайылымын ұйымдастырмақ. Бұл жоба әуелі 5 ауылда жүзеге асады.

Бектас Ізбасханов, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

Төрт мың гектардай жер бөліп отыр. Соған енді біз дайындалып жатырмыз. Оның бір жақсы жері – бүкіл жағдайды жасап берейін деп отыр. Вагонын апарып береді, жарық тартып береді, суын шығарып береді.

Жаңаталап ауылында төрт түлік саны 2 мыңнан асады. Зоотехникалық есеп бойынша, оларға барлығы 17 мың гектар жайылымдық жер керек. Ал қазір бар болғаны 1200 гектар. Жайылым жетпейді. Сондықтан шалғайдағы шөбі шүйгін алқаптың инфрақұрылымын реттеп, ерте көктемде ауылдың бар малын сол жаққа жеткізбекші. Бақташыны тұрғындар өз араларынан таңдайды, кейін келісім бойынша әр мал басына ақша төлейді.

Асқар Отыншиев, Жаңаталап ауылының әкімі:

Біз көктемде халықтың малын жинаймыз. Биркалаймыз, номер тағамыз. Малдан дәрігер қан алады,нәтижесін шығарады. Таза болса, жинап, айдасып әкелу жергілікті әкімшіліктің мойнында.

Жайлаудың жағдайын жақсарту үшін қазынадан 95 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл жоба оң нәтиже берсе басқа аудандарда да іске асыруға жоспар бар. Былтыр, облыста бос жатқан 1 миллион 232 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ауыл тұрғындары төрт түлігін емін-еркін өргізуі үшін әлі 464 мың гектар жайылым қажет.


Хабарламаларға жазылу