Шаруаларға 413 мың тонна дизель бөлінбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруаларға 413 мың тонна дизель бөлінбек

22.02.2023

Алыпсатарлық пен қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек! Осылай деген Премьер-Министр Әлихан Смайылов көктемгі егіс науқаны кезінде шаруаларды қажетті жанармаймен қамтуды тапсырды. Науқанға дайындық қалай? Үкімет отырысына қатысқан тілшіміз тікелей байланыста.

Досжан Маратұлы, тілші:

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, биыл 23 миллион гектар аумаққа егін егілмек. Ол үшін дихандарға 140 миллиард теңге арзан несие мен 87 миллиард теңге субсидия қарастырылып отыр. Десе де, жылда шаруалардың шаруасын ширатуға дизель тапшылығы кедергі. Энергетика министрі биыл жетіспеушілік болмайды деп отыр. Болат Ақшолақовтың айтуынша, кәсіпкерлер 413 мың тоннадан астам арзан соляркамен қамтылады. Оның бағасы литріне 184 теңге болмақ. Жетіспеушіліктің алдын алу үшін Премьер-Министр алыпсатарлармен күресті күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ, Премьер егіс жұмыстарын уақытылы бастауды тапсырды. Бұл мол өнім алып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі деді Смайылов. Сондықтан бұл шаруаның іске асуын өзі бақылауда ұстайтынын ескертті. Бұдан бөлек, Үкіметте елдімекендерді газдандыру мәселелері де қаралды.


Хабарламаларға жазылу