Шаруаларға 413 мың тонна дизель бөлінбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруаларға 413 мың тонна дизель бөлінбек

22.02.2023

Көктемгі дала жұмыстарына 400 мың тоннадан астам арзан солярка бөлінбек. Үкіметте егін егу науқанына дайындық барысы жайлы баяндаған Ауыл шаруашылығы министрі биыл 23 миллион гектар аумаққа астық себілетінін айтты. Науқанға дайындық қалай? Дизель тапшылығы болмай ма? 

Көктем мен күз келсе болды елімізде дизель тапшылығы болуы дәстүрге айналғандай. Жанармай жетіспеушілігі әсіресе жер жыртып, егін егетін шаруалар үшін ауыр тиіп жатады. Жыр болған проблемаға бұл жолы жол бермеу үшін Ауыл шаруашылығы министрі ертерек қамдандық дейді. Айтуынша биыл тапшылық болмауы керек.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

413 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп жатыр. Ол облыс облыстарға бөлініп, қазір тек қана оңтүстік емес, солтүстік өңірлерге де жөнелту жұмыстары басталып кетті.

Шаруаларға делінген солярканың литрі 184 теңге болмақ. Нарықтағы баға 240 теңге екенін ескерсек, бұл әлдеқайда арзан. Сондықтан оның талан-таражға түсіп кетпеуін қатаң бақылау керек деді премьер.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Алып-сату мен қолдан жасалған тапшылыққа жол бермеу керек. Бөлінген дизель отынын басқа жаққа жасырын сататын операторларға барынша қатаң шара қолдану қажет.

Агро саладағы тағы бір проблема тыңайтқыштарды пайдаланбау. Қазір елімізде тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт бар. Онда шығарылған өнімді сатып алу үшін фермерлерге жыл сайын миллиардтаған субсидия бөлінеді. Бірақ қаржы мақсатына сай жұмсалмайды, тыңайтқыш жерге себілмейді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Сарапшылардың бағалауы бойынша минералды тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде себілмей қалуынан біздің дихандарымыз 10 млн тоннаға жуық жоғары сапалы бидай өндіру мүмкіндігінен айырылып отыр. Бұл – жиналған өнімнің жартысына жуық.
Ал көктемгі дала жұмыстарына биыл 140 миллиард арзан несие мен 87 миллиард теңге субсидия қарастырылған.

Досжан Маратұлы, тілші:

Бұл қаржыға 23 миллион гектар аумаққа астық себілмек. Шаруа шаш етектен. Сондықтан Үкімет басшысы көктемгі науқанды уақтылы бастауды қатаң тапсырды. Өйткені бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Сондықтан дала жұмыстарының іске асуын өзі бақылауда ұстайтынын ескертті.

Хабарламаларға жазылу